Алматы облысында биыл мектеп тәмамдаған 17 940 түлектің жартысына жуығы, нақтырақ айтқанда 7681 жас түлек мемлекеттік грантпен оқуға түсті, деп хабарлайды Ertenmedia.
Мемлекеттік грант иеленгендер саны бойынша Талғар ауданы көш басында тұр. Үздік төрттікті Іле, Еңбекшіқазақ, Қарасай аудандары мен Қонаев қаласы түйіндеді.
Грантқа түскен жастардың басым бөлігі педагогика мамандығын таңдаған: олардың саны – 1440. Бұдан кейінгі орында медицина (770) мен аграрлық сала (543) тұр. Қалған 4928 түлек инженерлік, IT және әлеуметтік-экономикалық бағыттарға бет бұрған.
Бұдан бөлек, облыстың 27 түлегі Қытайдың Шыңжаң университетінде тегін оқу мүмкіндігін алды.
Олардың арасында Талғардан – 6, Іле ауданынан – 7, Қарасайдан – 3, Еңбекшіқазақтан – 3, Жамбыл ауданынан – 2, Алатау қаласынан – 2, Қонаев қаласынан – 4 оқушы бар.
Сондай-ақ жергілікті бюджеттен облыс әкімінің 30 гранты тағайындалған. Оның ішінде медицинаға 17 (12-сі интерндерге), аграрлық салаға 7, педагогикалық бағытқа 6 грант бөлінген.