АҚШ конгресмені Тим Берчетт алдағы аптада бұған дейін құпия болып келген UFO (беймәлім ұшатын нысандар) туралы мәліметтер ашылатынын мәлімдеді деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Тим Бурчетт танымал журналист Стивен А. Смитке берген сұхбатында ел естімеген ақпараттардың жарияланатынын айтып, мәлімдемесімен жұртты дүрліктірді.
«Маған берілген ақпарат пен суреттерді, куәгерлердің айтқандарын толық ашса, әлемді дүр сілкіндіреді. Бірнеше апта бұрынғы жабық брифингте бізге аты-жөндер, күндер, кездесулер өткен орындар, жасырылған заттардың нақты орналасқан жерлері туралы деректер берілді. Ол тым ауыр әрі тым көп», – деді Берчетт.
Конгрессмен осы құпияны халыққа ашатын жалғыз адам президент Дональд Трамп екенін айтты.
«Тек Трамп қана мұндай батыл қадамға бара алады. Ол қалыптасқан тәртіпті бұзып-жарушы адам, осыны да жасай алатын тек сол. Бүгін Ақ үйдегі адамдармен де осы туралы сөйлестім, жақын арада жағымды жаңалықтар күтіп отырмыз», – деді Берчетт.
Осы мәлімдемелер фонында…
NASA-ның құпия бағдарламаларына қатысы бар белгілі ғалымдардың жұмбақ өлімі мен із-түзсіз жоғалу оқиғалары жиілеп кетті. Соңғысы – NASA-ның реактивті қозғалыс зертханасының ғалымы Майкл Дэвид Хикстің жұмбақ жағдайда қайтыс болуы. Оның нақты өлім себебі айтылмады, сараптама нәтижесі де құпия қалды. Осылайша соңғы уақытта NASA-мен байланысы бар және әскери әрі азаматтық жобалар арасындағы шекараны жоятын зерттеулерге қатысқан тоғыз ғалым түсініксіз жағдайда көз жұмған немесе жоғалып кеткен.
FOX 32 Chicago арнасына сұхбат берген Гарвард астрофизигі Ави Лоеб мұның бәрін бір ортақ сценариймен байланыстырмауға шақырды.
«Әр жағдай бөлек қаралуы тиіс, бірақ мұндай адамдарды қарсылас елдер әдейі нысанаға алып жатуы әбден мүмкін. Әсіресе, әуе күштерінің құпия технологиялары мен ядролық энергетика саласындағы ғалымдарға қатер жоғары», – деді ғалым.
Қазіргі таңда АҚШ-та бұрын құпия болған UFO құжаттарын ашу мәселесі өзекті болып тұр. Президент Трамп бұл тақырыпта ашықтықты талап етіп, жат технологиялар туралы мәліметтерді жариялауды бұйырған болатын. Конгрессмен Бурчетттің Ақ үймен соңғы келіссөздері мәселенің жақында шешілуі мүмкін екеніне нұсқайды. Дегенмен, ондаған жылдар бойы қорғаныс министрлігі мен арнайы органдар бұл ақпараттарды түрлі тәсілмен жасырып келген.
АҚШ-та озық технологиялар, ғарыш бақылауы және белгісіз құбылыстарға қатысты құпия мәліметтерді білетіндерге қауіп күшейгенімен, шындық әлі ашылмай келеді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







