Вице-премьер Қанат Бозымбаев Alatau City жобасына кіретін төрт ауданның Gate, Golden, Growing және Green дистриктерінің құрылыс дайындығымен танысты, деп хабарлайды Ertenmedia.
Үкімет баспасөз қызметінің мәліметінше, әр дистрикт өз бағыты бойынша дамиды. Оның ішінде өндірістік-логистикалық, іскерлік, ғылыми-білім беру және туристік кластерлер қарастырылған.
Атап айтқанда, Gate District аумағында Pepsi Co, Caspian Group және Алматы желдеткіш зауыты сияқты компаниялардың жобалары жүзеге асады. Бұл дистрикттің негізгі нысаны халықаралық Iconic Building 1 іскерлік орталығы болмақ.
Бозымбаев Индустрия және құрылыс министрлігіне, әкімдік пен инвесторларға осы нысанның құрылысын жеделдетуді тапсырды.
Golden District ғылыми-білім беру және медициналық кластер ретінде дамиды. Қазірдің өзінде мұнда K-Park мәдени-іскерлік кешені салынып жатыр. Бұған қоса халықаралық білім орталығы, академиялық қалашық пен медициналық орталықтар бой көтереді.

Сонымен бірге Hyundai Green Food Almaty мен Mars компанияларының жобалары талқылануда.
Growing District Алматы Қапшағай автожолы мен Жетіген – Қазыбек теміржолы бойында орналасқан өндірістік-логистикалық орталық ретінде өркендейді.
Мұнда өндірістік нысандар негізгі көлік желілерінің бойында, сондай-ақ әуежай маңында орналасады. Вице-премьер сапары барысында Rhenus Logistics халықаралық компаниясының өкілдерімен кездесіп, бірлескен көлік-өнеркәсіп хабын құру жобасын талқылады.
Ал ауданы 31 730 гектарды құрайтын Green District Қапшағай су қоймасы мен Қонаев қаласына жақын аумақта орналасқан. Бұл дистрикт туристік бағытта дамып, курорттар, саябақтар, Formula-1 жарыс алаңы мен Iconic Building 2 туристік орталығы салынады деп күтілуде.
Сонымен қатар, жұмыс сапары барысында Қанат Бозымбаев министрліктердің, инвесторлардың, бизнес өкілдері мен халықаралық сарапшылардың қатысуымен жобалық кеңсенің отырысын өткізді.
Жиында инвестицияларды қорғау, келісімшарттардың тұрақтылығы, Қытайдың CRDI компаниясымен ынтымақтастық мәселелері сөз болды. Сондай-ақ, Алатау қаласын дамыту кеңесін құру мен Alatau City Authority мемлекеттік қорының жарғысын бекіту мәселесі талқыланды.

Бұдан бөлек, вице-премьер «Алатау қаласының арнайы мәртебесі туралы» конституциялық заң жобасын дайындау барысымен танысып, жауапты ведомстволарға жобаны іске асыруда өзара үйлесімді әрі кешенді жұмыс жүргізуді тапсырды.