Қазақ көрерменінің сүйікті актері, театр мен кино майталманы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Анатолий Креженчуков өмірден өтті деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Суық хабарды Михайл Лермонтов атындағы Ұлттық орыс драма театры жеткізді. Марқұм соңғы уақытта сырқатпен күресіп келіпті. «Өкінішке қарай, адам мүмкіндігі шексіз емес екен. Анатолий Николаевич тек актер емес еді, театрдың жаны, ар-ұяты әрі шын мәніндегі ақсақалы болатын», – деп жазды театр өкілдері.
Әлемжелідегі жазба астында жүздеген көрермен көңіл айтып, оның сахнадағы шеберлігін ерекше жылылықпен еске алды. Бірі: «Ақтық сапарыңыз нұрлы болсын», – десе, екіншісі: «Сахна тағы бір жарық жұлдызынан айырылды», – деп мұңайды.
Анатолий Креженчуков 1950 жылы 4 наурызда Алматыда дүниеге келген. 1973 жылы Құрманғазы атындағы өнер институтын бітіре сала, Лермонтов театрына қабылданған. Осы сахнада жүзден аса рөл сомдады. Дон Хуан, доктор Макаров, Городничий сияқты терең әрі күрделі кейіпкерлерді кескіндеді.
Әріптестерінің айтуынша, Анатолий Николаевич мінезді, талапшыл әрі өте шыншыл адам болған. Жас актерлерге қатаң тәртібімен үлгі еді. Театр оны «актерлік ансамбльдің камертоні» деп бағалады.
Театрмен қатар телевидение мен кинода да еңбек етті. Қазақ телевизиясының әдеби-драмалық хабарлар редакциясында жұмыс істеп, кейіннен «Хабар», КТК арналарында қызмет етті.
Көпшілік көрермен үшін Креженчуков ең алдымен «Перекресток» телехикаясындағы доктор Платонов. Осы рөл актерді бүкіл елге танымал етті. «Телехикаяда жүздеген серияға түсіп, үлкен экрандағы ондаған фильмге татитын тәжірибе жинадым», – деп еске алатын актердің өзі.
Ertenmedia редакциясы марқұмның отбасына қайғырып көңіл айтады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

