Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов Перизат Қайрат ісіне қатысты пікір білдірді, — деп хабарлайды ErtenMedia.kz.
Депутаттың айтуынша, қайырымдылық жасау, волонтерлік — қазақтың өзінің тарихындағы, ДНҚ-мыздағы жақсы құндылық.
«Кейбір азаматтар «оның барлығын бір ғана платформаға ауыстырамыз ба?» дейді. Менің ойымша, бұл ешқандай нәтиже бермейді. Реттеу керек пе деген сұраққа жауап берсек, реттеу керек. Бірақ шектеу емес. Осы екеуін ажырата білуіміз қажет. Тек мемлекеттік бір платформа болсын, сол платформа арқылы жүзеге ассын деген нәтиже бермейтін сияқты. Қайырымдылықты қалай қолдаймыз дегенде екі-ақ қана мәселе керек: ашықтық, сенім. Егер сен сенсең, білсең, есебі болса, онда қайырымдылық жасайсың. Басты мәселе — ашықтық пен сенімділікті арттыру. Ол үшін бұл бағытта тиісті жұмыс жүргізуіміз керек. Мүмкін аудит болуы керек шығар. Екіншіден, ашықтық бойынша арнайы механизмдер болуы керек шығар. Үшіншіден, есеп болуы керек шығар», — деді депутат Abay Live-қа берген сұхбатында.
Асхат Аймағамбетов жария жасамай садақа беретінін, сол сәтте қорларды тексеріп, көз жеткізетінін мәлімдеді.
«Менің ойымша, қазір қосымша заңнамалық реттеу керек. Керек емес, осылай қала берсін десек, ол да дұрыс болмайды. Өйткені мемлекет қоғамдық бірлестіктердің жұмысына араласа алмайды. Тексеру органдары оларды тікелей тексере алмайды. Сондықтан осы салада қосымша тетіктер керек. Бірақ оны тек мемлекетке итеріп тастаймыз деген де ойларды естіп отырмыз. Олай болса, дұрыс емес «, — деді Асхат Аймағамбетов Abay Live-қа берген сұхбатында.
Еске салайық, Перизат Қайрат көктемгі су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға көмектесу үшін жиналған 1,5 млрд теңгеден астам қаражатты жымқырды деген күдікке ілінген болатын. Мәліметке сүйенсек, қайырымдылықтың негізгі бөлігі қымбат сән бұйымдары мен жылжымайтын мүлікті сатып алу мақсатына жұмсалған.
«Биыл көктемде ол елордадағы автосалондарда 88 млн теңгеге «Mercedes-Benz S450», 80 млн теңгеге «Lexus LX-600» және 39 млн теңгеге «Haval» автокөліктерін сатып алды. Осы кезеңде ол жалпы сомасы 600 млн теңгені құрайтын елорданың премиум санаттағы «Akbulak Riviera», «Highvill Ishim Gold», «Көк Жайлау» ТК (тұрақ орындарын қоса алғанда), сондай-ақ «Vela Village» коттедж қалашығында жылжымайтын мүлік нысандарын сатып алды.
Сонымен қатар, қазақстандықтардың қайырымдылыққа жіберген қаражат есебінен Перизат Қ. Дубай, Доха, Лондон және Стамбулдағы «St. Regis», «Shangri-La», «Palazzo Versace» және «Kempinski» сияқты бес жұлдызды қонақ үйлерде демалған. Бұл елдерде ол «Cartier» және «Louis Vuitton» сияқты брендтердің қымбат аксессуарлары мен зергерлік бұйымдарды сатып алып, фешенебельді мейрамханаларға барып, яхталарды жалдаған. Қылмыстық схеманы жүзеге асыру үшін достары мен туыстарына 8% сыйақы беріп, қордың ақшасы қолма-қол ақшаға айналдырып отырған.
Осылайша, Перизат Қайрат өзінің заңсыз әрекеттерімен еріктілер қозғалысының беделіне нұқсан келтіріп, оның ашықтық пен адалдық принциптеріне күмән келтірді және халықтың сеніп тапсырған қаражатын талан-таражға салған», — деп жазылған ҚМА мәліметінде.
Артынша ҚМА оның заңсыз әрекетінің тағы бір эпизоды анықталғанын хабарлады.
«2023 жылдың қараша айында Перизат Қайрат Палестина тұрғындарына гуманитарлық көмек көрсету үшін қаражат жинауды ұйымдастырды. 2023 жылғы желтоқсанда осы ақша есебінен Перизат Қ. «Sensata Plaza» элиталық кешенінен 49 млн теңгеге үш бөлмелі пәтер және 30 млн теңгеге «Mercedes-Benz EQE 500 4 Matic» жаңа автокөлігін сатып алды. Сонымен қатар, қаражаттың бір бөлігі БАӘ-де «Rolex», «Prada» және «Fendi» брендтік бутиктерінен зергерлік бұйымдарды, сағаттар мен киімдерді сатып алуға жұмсалды», — деп жазылған хабарламада.