Астананың қалалық сотына «Biz Birgemiz Qazaqstan 2030» қайырымдылық қорының негізін қалаушы Перизат Қайрат апелляциялық шағым берді жазады Ertenmedia.
Бұған дейін экономикалық сот Әділет министрлігінің арызы бойынша аталған қорды мәжбүрлеп жабу туралы шешім шығарған болатын. Қазір аталған ұйымды қайта қалпына келтіру әрекеті басталды.
Қалалық соттың баспасөз қызметінің хабарлауынша, сот шағымды 15 мамырда қабылдап алған. Алғашқы апелляциялық отырыстың нақты күні әзірге белгіленген жоқ.
Ашық деректерге сәйкес, «Biz Birgemiz Qazaqstan 2030» қорының құрылтайшылары ретінде он адам көрсетілген.
Олар – Перизат Қайрат, Сергей Матюшенко, Арсланбек Мағзұм, Шадияр Тұрғанбай, Аружан Аманбай, Тоқтар Болысов, Дамир Хисматуллин, Әйгерім Серікжанова, Гүлназ Сейітқамали және Аян Хафиз.
Алғашқы сот инстанциясының шешімінде қорды құру кезінде Перизат Қайрат басқа құрылтайшылардың қолын қолдан жасағаны анықталған.
Бүгін Қаржылық мониторинг агенттігі төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесов бұл іс бойынша Перизат Қайраттың материалдармен танысуды созып келе жатқанын мәлімдеді. Дегенмен, іс маусым айында сот қарауына жолдануы мүмкін екені айтылды.
Елемесовтің айтуынша, іс бойынша 100-ден астам адамнан жауап алынған. Бірақ нақты қанша адамның зардап шегуші деп танылғаны әзірге айтылмады.
Перизат Қайраттың үндеуіне сеніп, қорға ақша аударған азаматтардың бір бөлігі ғана арыз жазып, ресми түрде жәбірленуші деп танылған. Ал қалғандары әзірге үнсіз.
Айта кетейік, бұған дейін қор жетекшісі Перизат Қайрат еліміздегі су тасқынынан зардап шеккендерге, Палестинадағы соғыстан қиындық көргендерге және мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған оңалту орталығын салуға жиналған қаражатты жымқырды деп айыпталған еді.
Бұл істе мемлекетке келген жалпы шығын көлемі 3,5 миллиард теңгені құрайды.