Мәулен Әшімбаев Перизат Қайратпен байланысы бар деген қауесетке жауап берді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Сенат төрағасы Перизат Қайратпен жақын қарым-қатынаста емес екенін мәлімдеп, түрлі қоғамдық іс-шараларда көпшілікпен қатар кездескен болуы мүмкін екенін айтты.
«Мен Перизат Қайратпен жеке таныстығым жоқ. Қызмет бабымен қоғамдық шараларға көп қатысамын, сондай жерлерде түрлі адамдарды кездестіріп жатамын. Ол да сондай шаралардың бірінде болған шығар, бірақ мен онымен жеке немесе тығыз қарым-қатынаста емеспін», – деді Әшімбаев.
Ол сондай-ақ Перизат Қайратқа қатысты тергеу объективті әрі ашық өтетініне сенім білдіріп, кінәсі дәлелденсе, заң аясында қатаң жаза тағайындалатынын атап өтті.
Еске сала кетейік, қаржы мониторингі агенттігі (ҚМА) Biz Birgemiz Qazaqstan қорының басшысы Перизат Қайраттың үстінен қылмыстық іс қозғаған болатын.
Контекст
Ол биыл көктемгі су тасқынынан зардап шеккендерге деп халық жинаған 1,5 млрд теңгеден астам қаржыны жеке бас пайдасына жаратты деген күдікке ілінген.
Тергеу деректеріне сәйкес, қайырымдылық қорына түскен қаражатқа Перизат Қайрат елорданың элиталық тұрғын үй кешендерінен жалпы құны 600 млн теңгені құрайтын бірнеше жылжымайтын мүлік сатып алған.
Сондай-ақ, көктемде ғана Mercedes-Benz S450, Lexus LX-600, Haval автокөліктерін алып, халық жинаған қаражатқа Дубай, Лондон, Стамбул және Дохадағы аса қымбат қонақ үйлерде демалып келгені анықталды.
ҚМА мәліметінше, күдікті қордағы ақшаны қолма-қол айналдыру үшін таныстары мен туыстарына 8 пайыздық сыйақы беріп отырған. Кейінірек Палестина халқына гуманитарлық көмек ретінде жиналған қаржыны да өз қажетіне жұмсағаны белгілі болды. Ол қаражатқа Sensata Plaza элиталық кешенінен пәтер, Mercedes-Benz EQE 500 автокөлігін сатып алып, Дубайдағы брендтік дүкендерден қымбат сағаттар мен зергерлік бұйымдар алған.
Қазір аталған іске қатысты тергеу жалғасып жатыр. Бұған дейін Перизат Қайраттың бәленбай миллион тұратын мүліктері бұғатталған болатын.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

