Атышулы Перизат Қайраттың ісіне нүкте қояр сот отырысында прокурор Мәдина Оразалина маңызды мәлімдеме жасады деп жазады Ertenmedia.
Айыптаушы тараптың айтуынша, бұл сот қатардағы қарапайым алаяқтық емес, халықтың сенімін саудалаған адамның арсыздығын әшкерелейтін оқиға.
Перизат аманат, адалдық, қайырымдылық дейтін қастерлі ұғымды табанға таптаған.
Прокурор айыптау актісін «Ізгілік бетпердесі» деп атаған екен.
«Бүгін біз Перизат Қайрат пен анасы Ғайни Алашбаеваға қатысты істі қорытындылаймыз. Сот алдындағы осы бір сөзімді дайындағанда, санама «Ізгіліктің бетпердесі» деген ой келді. Әуелі жомарт жүректі, ары таза халқымызға алғыс білдіргім келеді. Себебі, біздің ұлт қайырымдылықты қастерлеген, жақсылық жасаудан шаршамаған халық», – деді Мәдина Оразалина.
Оның айтуынша, Перизат ел алдындағы имиджін жеке басының мүддесіне өте-мөте шебер пайдаланған.
Сырт көзге жақсылық жасап жүрген болып көрінгенімен, үнемі бір бармағын бүгіп жүрген. Әрбір әрекетінің артында әккі есеп жатқан.
«Қайырымдылықтың атын жамылып, халықтың сенімін саудаға салғандар мынаны білуі тиіс. Ел енді үнсіз қалмайды, мұндайға мемлекет те көз жұма қарамайды, халықтың сенімі шексіз емес», — деді осы тұста прокурор Перизатқа қарап.
Сөзінің соңында Оразалина садақа мәселесін сөз етті.
«Садақа мансапқа, байлыққа жетудің құралы емес. Халықтың сенімі әмиян да емес, атақ та емес. Ол аманат. Ал аманатқа қиянат жасаған адамның бетпердесі түбі шешіледі», — деді ол.