Вице-премьер Ермек Көшербаев атышулы Перизат Қайрат туралы пікір білдіріп, Қазақстанда атымтай жомарттың атын жамылған алаяқтардың көбейгенін мойындады, деп хабарлайды Ertenmedia.
Көшербаевтың айтуынша, Перизат қазақтардың сеніміне кіріп, қаржы жымқырған жалғыз адам емес. Әсіресе әлемжеліде біреудің өлім аузындағы суреті пен есеп-шотын жариялап, жұртты жынды қылатындардың саны артқан.
«Мәселе қорлармен ғана шектелмейді. Жекелеген адамдар да әлемжеліге есеп-шотын жариялап, көпшіліктен жылу жинайды. Азаматтар қаражаттың қайда кететінін білмей, жақсы ниетпен жіберіп жатады. Мұндай әрекет заңмен реттелмеген. Перизат Қайраттың ісі елге жария болды, алайда оның қалқасында әлі талай қор бар. Олар тек пәлцейлердің көзіне түскенде ғана байқалып отыр», – деді вице-премьер.
Көшербаев бұл салаға нақты заңнамалық өзгеріс керектігіне сенімді. Айтуынша, қайырымдылық қорлары азаматтық бастама болғандықтан, мемлекеттің тікелей араласуы қиын.
«Қайырымдылық мемлекеттен алшақ жатқан сала. Халықтың өз бастамасы. Кейбіреулер осыны кәсіпке көзіне айналдырып алған, енді біреулер шын мәнінде жұртқа жәрдемдесіп жүр. Осы екеуінің ара-жігін ажырату үшін заңды күшейту керек. Халық қайырымдылыққа аударған ақшасының нақты қайда жұмсалғанын анық көре алуы тиіс», – деді ол.
Көшербаев қазақтардың ниеті таза, жүрегі мейірімді деп отыр. Мемлекет міндеті шынайы қайырымдылық жасайтын қорларды ғана қолдап, халықтың сеніміне селкеу түсіретіндерді саладан шеттету.