Астанада атышулы Перизат Қайрат пен анасы Ғайни Алашбаеваның апелляциялық шағымы қаралады, деп хабарлайды Ertenmedia.
Бұл туралы журналистерге елордалық соттың баспасөз қызметі хабарлады.
Бұған дейін, 25 шілде күні, Астананың қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Перизат Қайратты алаяқтық пен заңсыз жолмен алынған ақшаны заңдастыру баптары бойынша кінәлі деп танып, 10 жылға бас бостандығынан айырған еді.
Сонымен бірге оған 10 жылға қайырымдылықпен айналысуға тыйым салынып, мүлкі тәркіленіп, мемлекеттік марапатынан айырылды.
Анасы Ғайни Алашбаева дәл осы баптармен 7 жылға сотталды, оған да 10 жыл бойы қайырымдылықпен айналысуға тыйым салынып, мүлкі тәркіленді.
Айыптау актісіне сәйкес, Перизат Қайрат пен анасы азаматтардың сенімін теріс пайдаланып, жалпы сомасы 3 млрд 545 млн 897 мың 507 теңгені иемденген.
Сот шешімі бойынша сотталғандардың тәркіленген мүлкі Forte Bank, Alatau City Bank (бұрынғы Jusan) және Kaspi сияқты қаржы ұйымдарына келтірілген шығынның орнын толтыруға бағытталды.
Енді Перизат Қайрат, Ғайни Алашбаева және олардың адвокаты Асланбек Дәулетияров алғашқы сот үкімімен келіспей, апелляциялық сотқа шағым түсірді.
Сәрсенбі күні қалалық соттың апелляциялық алқасы осы істі қайта қарап, тараптардың шағымы бойынша өз шешімін жариялайды.