Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Владимир Путин АҚШ президенті Дональд Трамппен кездесуге дайын екенін мәлімдеді. Бұл туралы РБК жазды, — деп хабарлайды ErtenMedia.
Путинмен кездесу өткізгісі келетіні туралы сұраққа және Трамптың осы тақырыптағы басқа да мәлімдемелеріне жауап ретінде Песков алып-қосар ештеңесі жоқ екенін жеткізді.
«Путин дайын, біз күтеміз, бәрі дайын. Бірдеңе болса, біз хабарлаймыз», — деп түсіндірді Песков.
Айта кетейік, жуырда АҚШ президенті Трамп Украинамен арадағы соғысты тоқтату туралы келісім жасалмаса, Ресейге жаңа санкциялар мен сауда баждарын енгізетінін айтты. Бұл туралы ол Truth Social әлеуметтік желісінде жазды.
Трамп постында «Ресейге зиянын тигізбейтінін, орыс халқын жақсы көретінін және президент Путинмен үнемі өте жақсы қарым-қатынаста болғанын» жазды.
Дональд Трамп Ресей мен Украина жақын арада мәміле жасамаса, онда Ресейдің АҚШ-қа және басқа елдерге сататын барлық тауарына жоғары салықтар, баждар, санкциялар салудан басқа амалы қалмайтынын айтты және Ресей-Украина соғысы өзі президент болғанда басталмаған да болар еді деді.