Бірқатар сарапшылар Ресей мен Солтүстік Корея арасындағы серіктестікті «теңсіз одақ» деп бағалап жатқанын білеміз. Бірақ Ertenmedia-ға Фридрих Науман қорынан жеткен мәліметше бәрі басқалай сияқты. Қор Пхеньян Мәскеуге қару-жарақтың сан алуан түрін, мыңдаған әскери күшін ұсынғанымен, КХДР нақты экономикалық немесе технологиялық пайдаға қол жеткізе алмағанын мәлім етті.
Зерттеу авторларының мәліметіне сүйенсек, КХДР 2023 жылдан бері Ресейге 5, 6-9, 8 миллиард доллар шамасында әскери құрал-жабдық жеткізген. Оның ішінде миллиондаған артиллериялық снаряд, жүздеген қару-жарақ қондырғылары, ракеталық жүйелер мен баллистикалық зымырандар бар.
Сондай-ақ, шамамен 15 мың солтүстіккореялық әскери Ресей аумағына жіберілген. Ал Мәскеудің жауап ретінде азық-түлік, мұнай өнімдері, әуе қорғаныс жүйелері және аздаған ұшақтар ұсынған. Бұлардың жалпы құны 1, 2 миллиард доллардан аспайды. Яғни, айырбас көлемінен дисбалансты анық байқауға болады.
Ресейге көмектескен ресми Пхеньян экономикалық тұрғыдан ешқандай серпілісті сезінбеген. Елдің қаржылық резервтері толықпай, ұлттық валюта вон күрт құнсызданып, инфляция күшейе түскен.
Санкциялық механизмдер арқылы өтетін азын-аулақ қаржыны да тек Ким Чен Ын маңындағы саяси элита ғана иемденуде. Қарапайым халық бұрынғысынша ашқұрсақ, кедейліктің шырмауынан шыға алмай өмір сүруде. Бейбіт күннің игілігін көрмей отырған солтүстіккореялықтар үшін «одақтас» Ресеймен арадағы байланыс шын мәнінде ауыр салмаққа айналған.
Фридрих Науман қорының Оңтүстік Кореядағы өкілі Фредерик Шпордың пікірінше, Ким Чен Ынның басты пайдасы тек саяси сахнаға жиі шығу мүмкіндігі. Ресей президенті мен Қытай басшысымен қатар тұрған көріністер оның халықаралық оқшаулығын аздап сейілткендей болғанымен, ел ішіндегі жағдайға ешқандай оң өзгеріс әкелген. Солтүстік Корея билігі Ресейге қолдау көрсету арқылы өзінің сарбаздарын шығынға ұшыратып, қарапайым азаматтарының тұрмысын одан сайын ауырлатқан.
Пхеньян үшін Ресеймен байланыс қысқа мерзімде саяси тұрғыда тиімді болып көрінуі мүмкін, бірақ ұзақ мерзімде мұндай теңсіз серіктестік елдің экономикалық тәуелсіздігін әлсіретіп, халықты одан сайын күйзеліске түсіруі ықтимал. Ал Мәскеу үшін бұл келісімдер әскери арсеналды толықтыруға уақытша мүмкіндік берсе де, болашақта ұзақ мерзімде жаңа санкциялар мен халықаралық қысымның күшеюіне жол ашатыны анық.
https://ertenmedia.kz/mirziyoev-2030-zhylgha-dejin-eldegi-kedejshilikti-tolyqtaj-zhoyugha-bekindi