ҚР Сыртқы істер министрлігі Таиландта апатқа ұшыраған катердің салдарынан зардап шеккен қазақстандық туристердің жағдайы туралы мәлімет берді, деп жазады Ertenmedia.kz.
Ведомствоның хабарлауынша, соңғы деректерге сәйкес, зардап шеккен Қазақстан азаматтарының біреуі ауруханадан шығарылған, тағы екі азамат ем қабылдауды жалғастырып жатыр. Дәрігерлер олардың жағдайын тұрақты деп бағалап отыр. Бұл туралы отандық телеарналар да мәлімдеді.
Министрліктің ресми түсіндірмесінде апатқа ұшыраған катерде сегіз Қазақстан азаматы болғаны айтылған. Барлығына медициналық көмек көрсетілген. Үш адам ауруханаға жатқызылған.
Қазіргі таңда бір азамат үйіне шығарылған, қалған екеуі дәрігерлердің бақылауында, сауығу динамикасы оң. Емдеу шығындары сақтандыру компаниясы есебінен өтеліп жатыр. Қазақстанның консулы азаматтармен тұрақты байланыста болып, қажетті қолдау көрсетіп отыр.
Қайғылы оқиға Таиландтың Пхукет аралы маңында болған. Серуендік катер балық аулайтын кемемен соқтығысқан. Катерде үш экипаж мүшесі мен 52 турист болған. Олардың қатарында Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан және Ресей азаматтары бар. Апат салдарынан 23 адам ауруханаға жеткізілген. Кейінірек 18 жастағы Ресей азаматы медициналық мекемеде көз жұмды.
Таиланд билігі оқиғаға байланысты тергеу жұмыстарын бастаған. Сондай-ақ аталған туристік компанияның катерлері бұған дейін де апаттық жағдайларға тап болғаны белгілі болды. Оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы 2026 жылға арналған діни күндер күнтізбесін жариялады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

