Германияның Қорғаныс министрі Борис Писториус «Енді бір аптадан кейін ескіріп қалатын дрондарды жинаудың мәні қалмады» деп кесіп айтты. Өйткені қазір майдан даласында соғыс логикасы күнде өзгеруде. Инновацияның демі екі-үш ай сайын жаңарып, бүгінгі маңызды шешім ертесі ескіріп қалады. Сондықтан Германия дрондарды қоймада сақтаудан бас тарып отыр. Енді немістер өнеркәсіпті жылдам қайта құруға, бағдарламалық жаңартуға, дронға қарсы жүйелер құруға күш салмақшы.
Ресеймен ықтимал соғысқа дайындалып отырған Германия енді ұшқышсыз аппараттардың қорын жасамайды. Өйткені бұл салада бәрі тым жылдам өзгеріп жатыр.
– Дрондарды әзірлеуде инновация циклдері барған сайын қысқарып барады. Технологиялар 2-3 айдың ішінде түбегейлі өзгеріп кетеді, оған қарсы дрондық қорғаныс та кіреді. Сондықтан ертеңнің өзінде ескіріп қалатын дрондарды миллиардтаған еуроға жинаудың бүгін еш мәні жоқ, – деді Борис Писториус.
Германияның Қорғаныс министрі алдағы уақытта жаңа қару түрлерін жасап, қорғаныс өнеркәсібін ықтимал соғысқа әзірлеуге басымдық беретіндерін ашық айтты.
– Әскери сарапшылардың пайымдауынша, болашақ соғыс ортақ әскер тектері қатысатын сипатта болады. Айталық, гаубицалар, танктер және ұшақтармен қатар киберкеңістік те, әрине, ұшқышсыз ұшу аппараттары да қолданылады, – деп түйіндеді Писториус.
Артиллерияның алыстан соққы жасау мен авиацияның терең ұрысы, спутниктік барлау және FPV дрондармен соққы беру соғыс тактикасында алға шығатыны анық. Мұндай соғыс барысында қойманы қару-жараққа толытыру стратегиясы басымдық бермейді. Өйткені қоймада шаң басып тұрған мыңдаған дроның екі айдан кейін қарапайым темір-терсекке айналуы мүмкін.
Сондықтан қазіргі заманның соғысында тез жаңаратын өндірістік цикл, модульдік конструктор, ашық архитектура мен жылдам сатып алу рәсімі алға шығатыны анық. Мұндай жағдайда әскери бюджет те жаңа логикаға көшеді.
Бір рет қыруар қару-жарақ сатып алып, он жыл алаңсыз отыратын заман енді келмеске кетті. Қайта қару-жарақты шағын партиямен алып, тоқсан сайын жаңартатын софт пен модульге ақшаны бағыттау маңызды болады.

