Алматы полициясы департаментінің жаңа басшысы Айдын Қабдулдинов қызметке кірісуіне байланысты алғаш рет пікір білдірді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Оның айтуынша Алматы өзі үшін қатардағы қызметтік ауыс-түйіс емес, қалыптасып, шыңдалған ортасы.
«Осы қалада офицерлік жолым басталып, басшылық қызметтің жауапкершілігін сезіндім. Алматының басты ерекшелігі ашықтығы мен азаматтардың қоғам өміріне белсене араласуы. Тұрғындар әрдайым өз ойын ірікпей жеткізіп, мәселесін ашық айтады. Алматы халқы өте талапшыл, бірақ сол талаппен қатар қайырымдылыққа жақын, жанашыр келеді. Дәл осындай қоғаммен жұмысты ашық әрі әділ жүргізуге болады», – деді Айдын Қабдулдинов.
Сондай-ақ жаңа басшы бұрынғы департамент жетекшісі мен полиция қызметкерлерінің еңбегін ерекше атады.
«Бүгінгі қауіпсіздік пен қоғамдық тәртіптің сақталуы осыған дейін атқарылған жүйелі жұмыстың нәтижесі. Ендігі міндет тиімді тәжірибені сақтау және одан әрі нығайту», – деп атап өтті ол.
Заң мен тәртіпке жаңа көзқарас
Қабдулдинов мемлекет басшысы белгілеген «Заң мен тәртіп» қағидасына тоқталды.
«Ішкі істер саласы үшін бұл құрғақ ұран емес, күнделікті жұмыстың басты қағидаты. Басты назарымыз қылмысты болдырмауға, азаматтармен тығыз қарым-қатынас, мектеп, отбасы, аула, көше деңгейінде тәртіпті қамтамасыз етуге бағытталады», – деді департамент басшысы.
Оның пікірінше, қауіпсіз орта құрудың бірден-бір жолы халықтан қашпай, шынайы диалог орнату.
«Қала тұрғындары, журналистер, қоғам белсенділері және полиция бәріміздің мақсатымыз ортақ. Ол ел тыныштығы мен адамдардың сенімі. Әрдайым ашық әңгіме мен шынайы серіктестікке дайынмын. Сынды да қабылдауға әзірмін. Алматы мен оның тұрғындарының мүддесі үшін әріптестік орнатамыз деген сенімдемін», – деді Айдын Қабдулдинов.
Айта кетсек, Қабдулдинов осыдан үш күн бұрын Алматы қаласы Полиция департаментінің басшысы болып тағайындалды. Бұған дейін департаментті басқарған Арыстанғани Заппаров Түркістан облысы Полиция департаментінің басшылығына ауысқан болатын.
Бұған дейін министр Сәденовтің осыдан он жыл бұрынғы ескі ережелерді қайта тірілткенін егжей-тегжейлі жазған едік.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

