Шымкентте жантүршігерлік қылмысқа қатысты сот отырысы басталды. Қаладағы қоқыс полигонынан зорлық-зомбылық белгілері бар сүйегі табылған 26 жастағы Диана Оңғарбаеваның өліміне Түркістан облысынан келген 11-сынып оқушысы айыпталуда, деп хабарлайды Ertenmedia.
Жазғы демалыста Шымкентке жұмыс іздеп келген жасөспірім бір үйдің жөндеу жұмыстарын атқарған. Тергеу дерегінше, үйде жалғыз қалған ол қылмыс жасауға бел буған.
Әлеуметтік желі арқылы үй тазалығымен айналысатын адам іздеп, тапқан адамы Диана болып шығады.
Жұмысын аяқтап, келісілген 15 мың теңгесін сұраған сәтте жасөспірім келіншекке пышақ ала жүгірген. Дианаға 26 рет пышақ ұрып, жансыз денесін қорлаған. Қылмысын жасыру үшін мәйітті қара пакетке орап, құрылыс арбасына салып, қоқыс жәшігіне тастаған.
«Кәмелетке толмаған айыпталушы жәбірленушінің мәйітін қорлап, телефонын ұрлап алған. Содан кейін қылмыстың ізін жасыруға тырысқан», – деді прокурор Нұржігіт Ерментай.
Марқұмның денесін қоқыс жинауға келген жұмысшылар тауып алған. Анасының айтуынша, қызы он күн бойы із-түзсіз кеткен.
«Қызымды барлық жерден іздедік. Полицияға бірнеше мәрте хабарластық, еш нәтиже болмады. 28 тамызда арыз жаздым, 29 тамызда Астанаға хабарластым. Тек содан кейін ғана телефоны, артынша мәйіті табылды. Полиция бірден іздеуге кіріскенде, мұндай болмас еді», – дейді көз жасына ерік берген анасы Қарлығаш Оңғарбаева.
Қазіргі таңда сот процесі жалғасуда. 16 жастағы айыпталушы ұзақ мерзімге бас бостандығынан айырылуы мүмкін.