«Қазіргі заманғы қазақ романы» бірлестігі ERG компаниясының директорлар кеңесінің төрағасы, танымал меценат Шухрат Ибрагимовтың қолдауымен роман жазудан байқау өткізіп жатыр, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Осы байқауға қатысып, романын жазып жатқан сегіз қаламгердің бірі – белгілі жазушы, журналист әрі мемлекеттік қызметкер Қуат Бораш. Ол бұған дейін тілдерді дамыту комитетін, кейін архив ісі комитетін басқарған, елдегі көптеген әдеби, мәдени шараларды тікелей ұйымдастыруға атсалысқан қайраткер. Бірлестіктің арнаулы тілшісі Қуат Борашпен арнайы сұхбаттасты.
Зиякерлік болымыс ұлттың өрлеуін айқындайды
– Қуат Қахарманұлы, «Қазіргі заманғы қазақ романы» конкурсының ақтық сайысына шыққаныңыз мәлім. Бұл жобаға қатысу туралы ұйғарымға қалай келдіңіз?
– Шынымды айтсам, бұған дейін мен осы тақылеттес бірде-бір конкурсқа қатысып көрмеппін. Өйткені қызметтің ретімен мемлекет тарапынан өткізілетін осындай байқаулардың басы-қасында жүруге тура келгендіктен өзімнің басқалармен бірге бақ сынауымды әбестік санап келдім.
Ал, бұл конкурстың жөні мүлде бөлек болды. Бизнес өкілдерінің қолдауымен қоғамдық негіздегі бастама болғандықтан қатысуға бел будым. Әлі күнге дейін бұл сайысқа кімдердің қатысқанын және қазылар алқасының құрамында кімдер бар екенін мүлде білмеймін.
Сондықтан, ақтық сайысқа өту себебімді шығармашылық идеямның байқау талаптарына сай бағаланғаны шығар деп топшыладым.
– Бұл жоба төл әдебиетіміздің одан әрі өркен жаюына қалай әсер етеді деп ойлайсыз?
– Бұл жобаның нәтижесі қазақ әдебиеті үшін үлкен олжа болуға тиіс. Жалпы, жазушыға шығармашылық еркіндік ұсына отырып, оны ынталандыру тетіктері арқылы жаңа туындылар жазуына ықпал ету – тарихта бар құбылыс. Бүгінде әлемдік әдебиеттің шедеврлеріне айналған Шекспирдің «Гамлеті», Гетенің «Фаусты», А.Дюманың «Граф Монте Кристосы» – театрдың, баспаның, газет редакциясының тапсырыстарымен жазылған шығармалар.
Сондықтан, ХХІ ғасырдың алғашқы ширегінің соңында сегіз романның бір мезгілде жазылуы қазақ әдебиетін адымын әжептеуір алға оздыратыны анық. Менің ойымша, өмір сүріп отырған қоғамның зияткерлік болмысын технологиялық табыстарымен ғана емес, әдеби әлеуетімен өлшегенде ұлттың өрлеу деңгейін дәл айқындап беруге болады.
Мен өзімді прагматик адам санаймын
– Қуат Қахарманұлы, Сіз бұған дейін журналистикада, поэзияда танылдыңыз? Көтерер жүгі ауыр проза жанрына саналы түрде келдіңіз бе?
– Қазақ қаламгерлерінің аға буынының өмірбаянына қарасаңыз, олардың біразы өлеңнен бастап, одан әрі газетте жазу машығын қалыптастырып, содан кейін ғана жазушылыққа бет бұрған. Мен де сол жолдан өттім. Біраз жылдар «Егемен Қазақстанның» еңбекторысы болдым. Бірақ мен көп жылдар мемлекеттік қызметте жүріп қалғандықтан бұл көшке кештеу ілестім. Сонда да болса өкінбеймін. Алла тағала күш-қуат берсе жазудың ешқашан ерте-кеші болмайды деп санаймын.
– Романыңызда қоғамның қай тақырыбын қаузағалы отырсыз?
– Ол әзірге құпия болып қала берсін. «Асатпай жатып құлдық» демейік. Мәртебелі оқырман үшін жұмбақ күйінде қалсын. Ал, жазу процесіне келсем, бұған дейін біраз әңгімелер жаздым. Алайда мұндай көлемді шығармаға алғаш рет қалам сілтеп отырмын. Еріксіз сол дәуірге, сол оқиғалар ортасына еніп кетеді екенсің.
Мен өзімді прагматик адам санаймын. Бірақ осы романды жазу барысында бас кейіпкерлерімнің бірі табиғи апаттан қайтыс болғанда күні бойы көңілсіз, жабырқап жүргенімді мойындаймын. Кейіпкерлеріңді кейде аяйсың, кейбірінің жағымсыз характерін сомдау кезінде қаталдыққа да барасың.
– Соңғы сұрақ, шығарманы қашан аяқтамақсыз?
– Негізі, роман сюжеттік-композициялық тұрғыда жазылып бітті деуге болады. Қазіргі уақытта әдеби редакциялау процесіндемін. Сөзімнің соңында осы конкурста қара үзіп, қазіргі күндері қажымай-талмай жазу үстелінде отырған барша қанаттас қаламдастарға шығармашылық шабыт, сәттілік тілеймін!
– Қуат Қахарманұлы, уақыт тауып сұқбаттасқаныңызға рахмет!
Айым Алмасқызы,«Қазіргі заманғы қазақ романы» әдеби бірлестігі арнаулы тілшісі

