Қазақстан суперпрезиденттік басқару үлгісімен түпкілікті қош айтысады деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Ескі Қазақстан? Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осылай мәлімдеді. Президенттің айтуынша
жаңа Конституция жобасында ұсынылған нормалар Қазақстанның саяси жүйесін «күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидаты бойынша дамытуға бағытталған.
«Соңғы жылдағы саяси реформалардың ауқымына көз жүгіртсек, Қазақстан суперпрезиденттік басқарудан түбегейлі бас тартып, Парламенттің рөлі мен беделі жоғары президенттік республика үлгісіне ауысқанын көреміз», – деді Тоқаев.
Президенттің аргументі
Оның айтуынша, ұсынылып отырған өзгерістер пәкеті бұған дейін қолға алынған саяси реформа мен 2022 жылғы конституциялық түзетулердің заңды жалғасы.
Сондықтан әзіргі конституциялық реформа ел басқарудың түбегейлі жаңа жүйесін құруға негіз болады.
«Билік өкілеттіктерін қайта бөліп, тепе-теңдік тетіктерін нығайтамыз. Осылайша, барлық саяси институттардың тиімділігі артып, тұрақтылыққа қол жеткіземіз. Жаңа Конституция жобасында «адам мемлекет үшін емес, мемлекет адам үшін» деген қағидат нақты сипатқа ие болды. Біз бұл бағытта 2019 жылдан бері жоспарлы түрде келе жатырмыз», – деп түйіндеді Президент.
Айта кетелік, Үкіметтің кеңейтілген отырысында Тоқаевқа есеп берген Бектенов қыруар қаржыны үнемдеп қалғанын мәлімдеген еді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

