Президент Тоқаев бірнеше салаға ауқымды өзгеріс әкелетін жаңа заңға қол қойды, деп хабарлайды Ertenmedia.
Жаңа құжатқа сәйкес, мәдениет, білім, отбасы институты және мемлекеттік бақылау бағытында бірқатар маңызды жаңалықтар енгізілмек.
Өзгерістер оннан аса заң мен кодексті қамтиды, оның ішінде Жер, Бюджет, Кәсіпкерлік кодекстері, «Неке және отбасы», «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі», «Қазақстандағы тілдер», «Балалар құқығы», «Мәдениет», «Білім туралы» заң бар.
Қабылданған заңның басты мақсаты жетім балалардың құқығын қорғауды күшейту.
Енді бала асырап алуға немесе қамқорлыққа алуға бірінші кезекте туыстарының құқығы болады. Егер ағайын-туысы табылмаса, басымдық ресми некедегі ерлі-зайыптыларға беріледі.
Сонымен қатар, мемлекеттен қаржыландырылатын, балаларды тамақтандыру, емдеу, оқыту және жатын орынмен қамтамасыз ететін мекемелерге бақылау күшейтіледі. Мұндай мекемені бақылау ережесі бұдан былай тек денсаулық сақтау мен балалар құқығы туралы заң арқылы реттеледі. Кәсіпкерлік кодекстен аталған норма толық алынып тасталды.
Білім беру саласында колледждер мен жоғары оқу орындары арнайы рейтинг бойынша бағаланады. Бағалау жүйесін Оқу-ағарту министрлігі мен Ғылым министрлігі бірлесе әзірлейді.
Мәдениет саласында да көптен күткен өзгеріс бар енді концерттерде фонограмма пайдалануға толық тыйым салынады.
Фонограмма тек телетүсірілімдер мен техникалық жағынан тікелей орындауға мүмкіндігі жоқ алаңдарда ғана рұқсат етіледі. Сондай-ақ, кез келген авторлық туындыны БАҚ немесе онлайн ресурстарда жариялағанда автордың аты міндетті түрде көрсетілуі тиіс.
Жергілікті атқарушы органдар кітапханалар қорын дамыту және сақтау мәселесін жаңа өкілеттіктерге ие болады.
Заң жобасы Сенатта қаралып, қараша айында мақұлданған еді.
Тұшымды контентті Ertenmedia-ның телеграм арнасынан оқыңыз.
Астанаға қол жайған Қарашөкеев: Жамбыл шенеуніктерінің шырт ұйқысы бұзылды

