Премьер-министр Олжас Бектенов Egemen Qazaqstan газетінде көлемді мақала жариялап, президент Тоқаевтың жеті жылына баға берді деп жазады Ertenmedia.kz.
Айтуынша, осы уақытта Қазақстан ауыр сынақтар, күрделі өзгерістермен бетпе-бет келген. Әлемдік пандемия, геосаяси шиеленістер, экономикалық тұрақсыздық жағдайында Мемлекет басшысы «уақытша жеңістер» мен популистік қадамдардан бас тартқан.
«Осы кезеңде Қазақстанның ішкі жалпы өнімі екі есе ұлғайып, 305,9 млрд долларға жетті. Экономика тек шикізатқа тәуелді болудан арылып, өңдеу өнеркәсібі, құрылыс, көлік, сауда және қызмет көрсету секторлары қарқынды дамыды. Өңдеу өнеркәсібінің көлемі 2,5 есе өсіп, 30,63 трлн теңгеге жетті.
Жаңа экономикалық саясаттың нәтижесінде еліміздегі номиналды ЖІӨ жан басына шаққанда 15 мың долларға көтерілді. Қостанай, Қарағанды, Павлодар, Шымкент, Алматы облыстарында ондаған ірі зауыт іске қосылды, жаңа жұмыс орындары ашылды.
Құрылыс секторы да рекордтық деңгейге жетіп, былтырғы жылдың өзінде 20 млн шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді», — дейді Бектенов.
Премьердің атап өткеніндей, Қазақстан әлемдік экономикадағы ең ірі 50 елдің қатарына кіріп, жылдық өсу қарқыны бойынша алғашқы бестікке енді. Инвестициялық тартымдылық айтарлықтай артты. Жеті жылда негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі екі есеге жуық өсіп, 22,7 трлн теңгені құраған. Инвестицияның негізгі бөлігі инфрақұрылым, энергетика, логистика мен агроөнеркәсіп кешеніне бағытталды.
Ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі екі есеге өсіп, шамамен 10 трлн теңгеге жуықтады. Қазақстан аграрлық экспорт бойынша жаңа нарықтарға шығып, экспорттық географиясын Таяу Шығыс, Қытай, Еуропаға дейін кеңейтті. Саланы қолдауға жылына бір триллион теңге бөлініп келеді.
Транзиттік әлеует те жаңа деңгейге көтерілді
Транскаспий дәлізі арқылы жүк тасымалы бес есе өсті. Жеті жылда 25 мың шақырым автомобиль жолы салынды, теміржол инфрақұрылымы жаңартылды, Ақтау және Құрық порттарының мүмкіндігі артты.
«Энергетикалық сектор толықтай жаңғыруда. Алматыдағы ЖЭО-2 және ЖЭО-3 газға көшірілуде. 2027 жылға қарай Қазақстан электр энергиясы тапшылығынан толық құтылып, профициттік елге айналады. Жақын жылдары атом электр станциясын салу туралы маңызды шешім қабылданды.
Президенттің экологиялық бастамалары да жемісін беруде. Миллиондаған ағаш отырғызылып, 20 жаңа су қоймасы салынуда, ирригациялық желілер жаңартылып жатыр.
Әлеуметтік салада ауқымды реформалар жүзеге асты. «Ұлттық қор – балаларға» жобасы бойынша жеті миллионнан астам баланың шотына 2,5 млрд доллардан астам қаражат аударылды. Соңғы жеті жылда 1300-ден астам мектеп салынды, мұғалімдердің жалақысы өсіп, елдегі педагогтардың еңбек жағдайына қанағаттану деңгейі 71%-ға жетті», — дейді осы тұста премьер.
Денсаулық сақтау саласы да жаңа деңгейге көтерілді. «Аңсаған сәби» бағдарламасы арқылы 11 мыңнан астам сәби дүниеге келді, жаңа медициналық орталықтар бой көтерді.
Мемлекеттік басқару жүйесі айтарлықтай оңтайланды. Цифрландыру арқылы Қазақстан БҰҰ рейтингісінде онлайн-сервистер бойынша үздік ондыққа енді. Цифрлық және жасанды интеллект технологияларын енгізуге бағытталған Digital Qazaqstan стратегиясы әзірленуде.
«Жеті жыл ішінде ел экономикасы мен әлеуметтік саясаты орнықты дамудың нақты моделіне көшті. Енді жаңа Конституцияны қабылдау арқылы Қазақстан түбегейлі өзгерістер кезеңіне қадам баспақ. Бұл Тоқаев реформаларының жаңа тарихи белесі болмақ», — дейді Бектенов.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







