Президент Тоқаев Қазақстанның ішкі саясатының негізгі ұстанымдары мен құндылықтарын айқындайтын жаңа тұжырымдаманы бекітті, деп хабарлайды Ertenmedia.
Бұл құжаттың қажеттілігі туралы алғаш рет Ұлттық құрылтайдың IV отырысында айтылған болатын. Сол кезде қоғам қайраткерлері мен сарапшылар ел ішіндегі саяси-идеологиялық жұмыстарды жүйелейтін біртұтас концепция қажет деген ұсыныс жасаған еді. Мемлекет басшысы бұл бастаманы қолдап, ішкі саясаттағы жұмыстардың басын біріктіретін құжатты әзірлеуді тапсырған.
Президент Әкімшілігі әзірлеген тұжырымдамаға мемлекеттік органдар, Ұлттық құрылтай мүшелері, қоғам белсенділері мен ғылыми орта өкілдері атсалысты. Онда ішкі саясаттың негізгі бағыттары, ұстанымдары мен ортақ құндылықтары белгіленген.
Құжатта мемлекет ішіндегі жұмыстың басты қағидалары нақты әрі ықшам түрде көрсетілді.
Олардың қатарында: «Заң және тәртіп», «Халық үніне құлақ асатын мемлекет», «Әр алуан пікір біртұтас ұлт», «Күшті Президент, ықпалды Парламент, есеп беретін Үкімет», «Адал азамат», «Таза Қазақстан» деген ұғымдар бар.
Сондай-ақ тұжырымдамада Ұлттық құрылтайдың бұған дейінгі отырыстарында айтылған жалпыұлттық құндылықтар да айқындалып, Қазақстанның ұлттық бірегейлігін нығайтатын арнайы символдар көрсетілді.
Құжатта ішкі саясаттың негізгі бағыттары ретінде қоғамдық диалогты дамыту, ұлтаралық қатынастарды нығайту, діни саясатты үйлестіру, мәдени-гуманитарлық бағытты жандандыру, отбасы мен жастар саясатының маңызын арттыру және ақпараттық саясатты жетілдіру көрсетілген.
Бұл концепция алдағы уақытта мемлекеттік органдардың ішкі саясат саласындағы барлық жұмыстарының негізгі өзегіне айналады. Мәтіннің толық нұсқасы осы тұста.
Тұшымды контентті Ertenmedia-ның телеграм арнасынан оқыңыз.
Гүл ұсынған қыздан туған ұлдар: Депутат Құспан тоқал институтын неге заңдастырғысы келеді

