Алматы облысының Іле ауданында ұзақ уақыттан бері тұрғындардың мазасын алған жағымсыз иіс мәселесі прокуратура бақылауына өтті, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Аудан жұрты Сорбұлақ су қоймасына қарай ағатын кәріз жүйесінен шығатын өткір иістің денсаулыққа зияны көп екенін айтып шағымданып келген.
Тексеру жүргізген прокуратура өкілдері «Алматы Су» мекемесі жауапты желілерде бірқатар заң бұзушылықтар барын анықтады.
Ауа сынамасының 48 үлгісінің 21-інен метан, күкіртсутек және меркаптан мөлшері нормадан асып кеткен.
Қазір осы маңдағы ауылдық округтерде тыныс алу жолдары ауруымен ауыратын 400-ден астам тұрғын медициналық есепте тұр. Жергілікті халық денсаулықтың нашарлауын кәрізден шыққан өткір иіспен тікелей байланыстырады.
Прокуратура тексеру қорытындысымен кәсіпорынға 14 миллион теңге айыппұл салып, мәселені тез арада шешу туралы талап қойды. «Алматы Су» мекемесіне кәріз желілерін ретке келтіруге міндеттейтін арнайы ұйғарым берілді.
Прокуратура өкілдері берілген тапсырмалардың орындалуын және жағдайдың жақсаруын тұрақты бақылауда ұстайтынын мәлімдеді.
Контекст
Алматының іргесіндегі Сорбұлақ қоймасы аймаққа төнген аса ірі апатқа айналуы мүмкін. Бұған дейін осы мәселені Мәжіліс депутаттары ресми түрде Үкімет басшысы Бектеновтің назарына ұсынған еді.
Соңғы зерттеу нәтижесі бойынша, көл суынан денсаулыққа аса зиянды 31 түрлі химиялық элемент пен ауыр металдар анықталған. Әсіресе кадмий деңгейі қалыпты мөлшерден төрт есе асып кеткен.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

