10 ақпанда Қазақстан қор биржасындағы (KASE) күндізгі сауда нәтижесі бойынша доллардың орташа бағамы 2,64 теңгеге төмендеп, 491,88 теңге болды деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Ұлттық банктің бүгінгі ресми бағамы 494,75 теңге деңгейінде белгіленді.
Еске сала кетсек, бұған дейін 4 ақпандағы биржа саудасының қорытындысында доллар 4,4 теңгеге арзандап, 498,65 теңгеге түскен еді.
Сөйтіп, нарық үшін маңызды саналатын «психологиялық меже» 500 теңгеден төмендеп кеткен болатын.
Kurs.kz дерегі бойынша қазіргі сәтте Алматы мен Астана айырбастау орындарындағы доллардың орташа бағамы төмендегідей:
Алматы қаласында:
сатып алу – 491,24 теңге;
сату – 493,69 теңге.
Астанадағы орташа бағам:
сатып алу – 490,00 теңге шамасында;
сату – 497,00 теңге.
Контекст
Еске сала кетейік, 23 қаңтарда Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 18 пайыз деңгейінде қалдырған еді. Бас банкир Тимур Сүлейменовтың айтуынша, алдағы жарты жылда осы көрсеткіш өзгеріссіз сақталады.
«Кейбіреу базалық мөлшерлеменің банк пен несие нарығына әсерін көп айтады. Біз үшін бұл маңызды емес.
Біз үшін бастысы халықтың нақты табысының артуы. Азаматтардың қалтасында көбірек ақша қалуы керек, ал инфляция оны жұтып қоймауы тиіс. Инфляция халық табысының жауы, оны жеңуіміз қажет.
Шешім макроэкономикалық тұрғыдан негізделген әрі халықтың мүддесі бірінші кезекте тұр», – деген еді ол.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

