Ресей Федерациясының президенті Владимир Путин Қазақстанға мемлекеттік сапармен келді, деп жазады Ertenmedia.kz.
Ресей басшысы Астанаға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен келді. Елордалық әуежайда Владимир Путинді Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі қарсы алды.
Ресми қарсы алу рәсімі жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Ресей президентінің келуіне орай құрмет қарауылы сап түзеді. Ал Ресей басшысының борты Қазақстанның мемлекеттік шекарасынан өткен сәтте оны еліміздің Әуе қорғанысы күштерінің жойғыш ұшақтары сүйемелдеді.
Владимир Путин Қазақстанға ауқымды делегациямен келді. Делегация құрамында 30-дан астам адам бар. Олардың қатарында министрлер, ірі компания басшылары және екіжақты ынтымақтастыққа жауапты сала өкілдері қамтылған.
Қонақтарды қарсы алу кезінде әуежайда қазақ және орыс халық әндері орындалды. Сонымен қатар ұшу-қону жолағы үстінен Қазақстан мен Ресей тулары ілінген тікұшақтар ұшып өтті.
Алдағы келіссөздерде екі ел басшылары Қазақстан мен Ресей арасындағы жан-жақты стратегиялық серіктестік пен одақтастық қатынастардың қазіргі жай-күйін және оны одан әрі нығайту перспективаларын талқылайды.
Сапар аясында сауда-экономикалық байланыс, энергетика, көлік-логистика, өнеркәсіп, инвестиция, өңіраралық ынтымақтастық және гуманитарлық саладағы бірлескен жобалар күн тәртібіне шығуы мүмкін.
28 мамыр күні Астанада Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер басшыларының қатысуымен Еуразиялық экономикалық форум өтеді.
Путиннің мемлекеттік сапары Қазақстан мен Ресей арасындағы саяси диалогтың жоғары деңгейде жалғасып отырғанын көрсетеді. Екі ел үшін мұндай кездесулер тек хаттамалық рәсім ғана емес, сауда, транзит, энергетика және өңірлік қауіпсіздік сияқты ірі бағыттар бойынша нақты шешім қабылдайтын алаң саналады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







