Әзербайжан президенті Илхам Әлиев III Шуша жаһандық медиафорумында Оңтүстік Кавказды тұрақтылық пен тыныштық мекеніне айналдыру керек деген мәлімдеме жасады.
Әлиевтің айтуынша, бұл өңір ғасырлар бойы соғыс пен қақтығыстардан көз ашпаған. «Ендігі жерде бейбіт өмір сүретін кез келді», – деді ол.
Осы мәлімдемеге қатысты пікір білдірген «Атлас» саяси зерттеулер орталығының басшысы, саяси сарапшы Эльхан Шахиноғлу Әзербайжан бейбіт өмірге ұмтылғанымен, Кремльдің ұстанымы бұған қайшы екенін айтты деп жазады Ertenmedia.
Сарапшының пайымдауынша, Ресей әлі де болса Кавказда жағдайды ушықтыруды жалғастырып келеді.
«Бүгінгі күні басты сұрақ мынау: Кремль Әзербайжанға қарсы тағы қандай арандатуға барады? Олар біздің Ресейдегі диаспора өкілдерімізге қысымды күшейтіп, түрлі провокацияға жол ашуы мүмкін. Әсіресе ауылшаруашылығы өнімдерімізді кері қайтару жағдайлары қайтадан қайталануы ғажап емес. Украинаға қарсы соғыс ашқалы Ресейдің мемлекеттік арналарының шовинистік сипаттағы сарапшылары мен Z-блогерлері Әзербайжанға қарсы арандатуды үдетуді ұсынуда», – дейді Шахиноғлу.
Оның сөзінше, егер Ресейдің әскері Қарабақта «бітімгер» ретінде қалса, бұл шын мәнінде қауіпті жағдай болар еді.
Бірақ қазіргі уақытта Ресей әскері Әзербайжан аумағынан толық шығарылған. Алайда солтүстік көршіден келуі ықтимал арандатушылық әрекеттерге дайын болу қажет дейді сарапшы.
Ол Кремльдің қазірдің өзінде әзербайжандық кәсіпкерлердің Ресейдегі капиталын салықтық тексерістерді желеу етіп, тартып алуы ықтимал екенін айтты.
«Ресейдің Грузияға қарсы соғысы кезінде көптеген грузинді елден депортациялағаны есте. Бұл әдісті енді Ресейдегі әзербайжандарға қарсы қолдануы мүмкін. Сол үшін бізге шұғыл түрде ауылшаруашылығы өнімдерімізге жаңа нарық іздеу қажет. Сондай-ақ Ресейден елге қайтуға ниетті әзербайжандар үшін Қарабақ пен Шығыс Зангезурда кәсіпкерлікпен айналысуға жеңілдік беріп, арнайы несиелеуді қарастыру керек», – дейді сарапшы.
Шахиноғлу Ресей мен Иранның Каспий теңізінде бірлескен әскери жаттығу өткізу жоспарынан да қауіптенеді. Оның ойынша, бұл жаттығу кезінде екі елдің әскери кемелері Әзербайжанның теңіздегі шекарасын бұзуы мүмкін. Бұдан бөлек, Ресейдің Дагестанмен шекарада қосымша әскери күштерін шоғырландыруы ықтимал екенін жоққа шығармайды.
«Ресей былтыр желтоқсан айына дейін Әзербайжанмен қалыпты қарым-қатынас ұстанып келді. Логикаға салсақ, Кремль қазір Әзербайжанмен жағдайды шиеленістірмеуге тиіс. Бірақ Ресей басшылығы қашаннан бері ақылға қонымды шешімдер қабылдап еді?» – дейді Шахиноғлу.
Сарапшы Ресейдің ықтимал әрекеттеріне жауап ретінде Әзербайжанның Түркия және Орталық Азиядағы түркі мемлекеттерімен әскери жаттығулар санын арттыруға кеңес берді. Оның пікірінше, бұл солтүстік бағыттан төнетін қауіптің алдын алуға мүмкіндік береді.