Ресей президенті Владимир Путин мен АҚШ президентінің арнайы өкілі Стив Уиткофф Украина мәселесі бойынша ортақ шешімге келе алмады. Мәскеуде өткен келіссөзге Ресей жағынан Путиннің көмекшісі Юрий Ушаков және президенттің арнайы өкілі Кирилл Дмитриев қатысқан. Ал АҚШ делегациясының қатарында Уиткоффпен бірге Дональд Трамптың күйеу баласы Джаред Кушнер болған, деп жазады Ertenmedia.kz.
Кездесуде Вашингтон ұсынған соғысты тоқтату жоспарының бірнеше нұсқасы қаралғаны айтылды. Ушаковтың айтуынша, сөз тек жалпы саясат туралы емес, өте нақты аумақтық мәселелер туралы болған. Яғни Украинаның қай жері кімнің бақылауында қалуы керек, қандай шекара базалық нүкте ретінде қаралуы мүмкін деген сұрақтар сөз болған.
Юрий Ушаков Путин кейбір ұсыныстарға «сыни, тіпті теріс көзқарас» білдіргенін ашық айтты. Кремль өкілі «қазіргі сәтте екі жаққа да бірдей қолайлы компромисс табылған жоқ» деп түйіндеді.
Соған қарамастан, ол Вашингтон дайындаған кейбір нұсқалар Ресей үшін «шамамен қабылдауға болатын» деңгейде көрінетінін айтты, бірақ нақты формулировкалар Мәскеуге сай келмейтін тұстары бар екенін жасырмады. Сол себепті жұмыс жалғасады, ұсыныстарды тағы пысықталмақ.
Ресей тарапы кездесуді «пайдалы, конструктивті және мазмұнды» деп сипаттаған. Журналистердің «бейбітшілік бұл келіссөздерден кейін жақындай түсті ме?» деген сұрағына Ушаков «ары қарай кетпеді, ол анық, бірақ әлі үлкен жұмыс күтіп тұр» деп жауап берген. Оның сөзінше, әңгіме толықтай жабық, құпия форматта өткен, сондықтан мазмұны ашық жарияланбайды.
АҚШ делегациясы алдымен Трампқа жеке есеп беріп, содан кейін ғана Мәскеумен келесі байланыс форматын талқыламақ. Бұл байланыс, болжам бойынша, телефон арқылы жалғасуы мүмкін.
Осы кезде Киев те процесті сырттай бақылап отыр. Украина президенті Владимир Зеленский Telegram-да соғысты аяқтау шарттары бойынша «оңай шешім болмайтынын» жазды. Оның айтуынша, Украина АҚШ делегациясының Ресеймен келіссөзінен кейін қандай сигнал беретінін күтеді. Зеленский «делегация кездесуден кейін бірінші кезекте бізге ақпарат бергісі келеді, әрі қарайғы қадамдар сол сигналдарға байланысты болады» деді.
Ол АҚШ өкілдерімен, соның ішінде Трамппен де жақын уақытта жүзбе-жүз кездесу мүмкіндігін жоққа шығарған жоқ. Бұл Киевтің өзін сырттан қабылданатын шешімнің жай ғана объектісі емес, келіссөздің бөлек жағы ретінде көрсетуге тырысып отырғанын аңғартады.
Мәскеудегі кездесуден соғысты бір күнде тоқтату мүмкін емес екенін аңғардық. Дегенмен екі жақтың да құпия форматта болса да, нақты аумақтық мәселелерді талқылауға дайын екенін көрсетті. Бір жағында өз шартын сақтағысы келетін Кремль, екінші жағында Украинаға қолдау көрсетіп отырған, бірақ соғысты ұзаққа созып жібермеуді ойлайтын Вашингтон.
Ал Киев үшін негізгі сұрақ өзгеріссіз қалып тұр: қандай келісім жасалса да, ол елдің қауіпсіздігіне, шекарасына және болашақтағы тәуелсіздігіне қалай әсер етеді. Сондықтан дипломатиялық аренадағы әр қадамның артында үлкен есеп пен ішкі саяси салмақ бар.

