Путинмен кездесуден кейін экс-президент Назарбаев Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияевпен телефон арқылы сөйлесті, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Әңгімелесу 29 желтоқсан күні өтті. Тараптар бір-бірін келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен құттықтады.
Әңгіме барысында екі ел арасындағы достық қарым-қатынастың жоғары деңгейге көтерілгені атап өтілді. Қазақстан мен Өзбекстанның стратегиялық әріптестігі, тату көршілігі және одақтастық байланыстарының берік орныққанына ерекше көңіл бөлінді. Сонымен қатар, екі жақты өзара іс-қимылдың барлық маңызды бағыттарындағы ынтымақтастықтың қарқынды дамып келе жатқаны айтылды.
Экс-президент күні кеше Мәскеуге сапарлап Кремль көсемімен жүздесіп қайтқан болатын.
Кремльдің баспасөз қызметі таратқан видеода Путин мен Назарбаев даңғарадай дөңгелек үстел басында әңгімелесіп отыр.
Ресей басшысы Әбішұлымен биыл мамыр айында ғана жүздескен болатын. Сол жолғы кездесу туралы сенат спикері Мәулен Әшімбаев пікір білдіріп, Назарбаевтың әлдеқашан пенсияға шыққан, елдің ішкі-сыртқы саясатына Тоқаевтың жауап беретінін айтқан.
Қазақстан президенті өткен айда ғана Ресейге екі күндік сапармен барып қайтқан. Путин Тоқаевқа риза болып, кейіннен кешкі шәйға шақырған. Путиннің пәтеріндегі протоколсыз кешке біз жеке тоқталғанбыз.
Жалпы әр желтоқсан сайын Мәскеуге ұшып кету Назарбаевтың сүйікті әдеті. Саясаткер Әміржан Қосановтың айтуынша экс-елбасы мен Кремль басшысының арасында жабық мәміле бар. Тоқаев осы мәміленің тұтқыны болып отыр.
Тұшымды контентті Ertenmedia-ның телеграм арнасынан оқыңыз.

