Ресейлік-әзербайжандық танымал кәсіпкер әрі әнші Эмин Ағаларов Маңғыстау облысында ірі халықаралық курорт салуды жоспарлап отыр деп жазады Ertenmedia.
Бұл туралы Kazakh Tourism ұлттық компаниясы мен Sea Breeze Resort арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою кезінде белгілі болды.
Жоба Каспий жағалауындағы Кендірлі мен Жылы жағажай аумақтарында іске асуы мүмкін. Эмин Ағаларов Instagram парақшасында Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы туризмді дамытуға күш салатынын айтып, жақын арада Маңғыстауға келіп, болашақ жобаның орнын өзі көріп қайтатынын хабарлады.
Алайда бұл бастамаға назар аудартатын тағы бір маңызды жайт бар: Эмин Ағаларов – Ресейдегі танымал миллиардер Араз Ағаларовтың үлкен ұлы. Араз Ағаларов Ресей президенті Владимир Путинге жақын кәсіпкерлердің бірі ретінде жиі аталады.
Crocus Group компаниясының негізін қалаушы Араз Ағаларов Путиннің түрлі іс-шараларын өткізумен танымал болған. Әсіресе, Путинмен жеке байланыстары Ресей және әлемдік БАҚ-та жиі сөз болғаны белгілі. 2013 жылы Путин оған Ресей Федерациясының «Құрмет» орденін табыстаған.
2013 жылы Мәскеуде өткен «Miss Universe» байқауын ұйымдастыруда Дональд Трамппен серіктес болған. Сол уақытта Араз Агаларов Трамп пен Путин арасында кездесу ұйымдастыруға тырысқан.
Саясаттанушы Нұрлан Жұмаханның айтуынша, Қазақстандағы ірі жобаға Ресей президентімен тығыз байланыста болған отбасының өкілінің қызығушылық танытуы саяси және экономикалық маңызы бар тақырып. Эмин Ағаларовтың Маңғыстауға келуі және мұндай ауқымды инвестициялық жобаны қолға алуы қарапайым бизнес-жоба ғана емес, сонымен қатар Кремльмен байланысты адамдардың Қазақстандағы жаңа қадамы ретінде қабылдануы мүмкін.
Жобаның нақты жүзеге асуы бұл Қазақстан мен Әзербайжанның ғана емес, Ресей бизнесінің де елдегі жаңа бір ықпал ету алаңына айналуы ықтимал. Сондықтан бұл жобаға қатысты әлі талай талқылау туындайтыны анық.