Осы аптада украиналық әскери мамандар Данияға барып, дрон арқылы соғыс жүргізу тәжірибесімен бөліскен. Соңғы уақытта Даниядағы бірқатар стратегиялық нысандар мен әуежайлар үстінен белгісіз ұшқышсыз құрылғылар байқалған. Олардың Ресей тарапынан жіберілу ықтималдығы жоғары. Мұндай оқиғалар НАТО-ға мүше елдердің өз қауіпсіздік концепцияларын қайта қарап, Украинадан үйренуге деген ұмтылысын арттыра түсті, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Atlantic Council сарапшысы Питер Дикинсон жазғандай, бүгінде Украина дрон технологиясы бойынша әлемдік көшбасшылардың қатарына шықты. Себебі үш жылдан астам уақытқа созылған қарқынды соғыс отандық өндірістің дамуына жол ашты. Инженерлер мен әскери сарапшылар күн сайын ұрыс даласында жаңа дрон түрлерін сынап, тиімділігін дәлелдеп келеді.
Украиналық дрондар Қара теңіз маңындағы шайқастарда өзінің қуатын көрсетті. Енді тіпті Ресейдің терең тылындағы әскери және инфрақұрылымдық нысандарға соққы жасауда. Бұл стратегия мен батылдықтың көрінісі. Сондықтан да Ұлыбритания Украинамен бірлесіп дрон өндірісін жолға қоюға кірісті.
Егер кешегі күнге дейін Украина НАТО стандарттарына бейімделгісі келген ел болса, бүгінгі таңда керісінше, НАТО Украина тәжірибесін қабылдауға ниетті. Мұны Еуропа қауіпсіздігі жүйесіндегі тарихи өзгеріс демеске лажың жоқ. Осылайша Украина өзінің әскери және технологиялық моделін өзгелерге ұсына алатын күшке айналды.
Бүгінде Украинада миллионға жуық әскери қызметші бар, Еуропадағы ең ірі армиялардың біріне айналып отыр. Олардың көпшілігі соғыс отын кешіп өткен, тәжірибелі, сыннан өткен мамандар. Оның үстіне ел ішінде дрон, радиоэлектрондық күрес, киберқауіпсіздік саласында инновациялық жобалар күн санап дамып келеді. Бұл жайттар Украина қарулы күштерін Еуропа қорғанысының басты тірегіне айналдыруда.
Путин бастаған соғыс бастапқыда Украинаны әлсіретуді көздеген еді. Бірақ нәтиже мүлде кері бағытта орын алуда. Соғыс барысында Украина әлсіремей қайта күшейе түсті. Халық қолына қару алып, ерікті батальондар құрып, елдің қорғаныс қабілетін нығайтты.
Бүгінгі Украина Ресей үшін ең үлкен қорқынышқа айналды. Бұл қорқынышты Кремльдің өзі қолдан жасағаны анық. Путиннің «демилитаризациясы» әскери технологиясы жетілген, рухы мықты мемлекетті өмірге әкелді. Украина қазірдің өзінде Еуропаның саяси картасындағы заманауи әскери символына айналып үлгерді.