Осы аптаның басты кино жаңалығы сөзсіз, Qaitadan фильмі. Қазақ киносының көкжиегін кеңейткен, техногенді апат тақырыбын фантастикамен ұштастырған туынды көпшіліктің назарын аударып отыр деп хабарлайды Ertenmedia.
Фильм авторлары режиссер Думан Еркімбек пен сценарийші інісі Асылбек Еркімбек. Осыған дейін сериал түсіріп келген ағайынды Еркімбектер үшін бұл үлкен экрандағы дебюттік жұмыс.
Киноның түсіріліміне мемлекеттік бюджеттен Ұлттық киноны қолдау орталығы арқылы 190 миллион теңге бөлінген. Көптеген бюджет қаржысына түсірілген фильмдерден айырмашылығы Qaitadan коммерциялық табысқа жетуге де қауқарлы екендігін дәлелдеп үлгерді.
Тағы бір ерекше тұсы фильм авторлары шетелдік картиналарға сілтемені жасырмаған. Керісінше, әйгілі Groundhog Day (День сурка) фильмінің сюжетіне құрметпен қарайтынын ресми түрде ашық айтып отыр. Десе де, бұл жай көшірме емес, өзіндік айтары бар ерекше туынды.
Сюжет желісі бойынша басты кейіпкер Рауан ҰБТ-дан небәрі 21 балл жинап, ауылға ата-анасымен бірге аттанады. Бірнеше күн демалып қайтамын деп ойлаған жігіт ауылда ұзақ мерзімге қалып қояды. Таң атқан сайын бір күн қайталанып, Рауан уақыт шырғалаңына түседі. Кейін ол ауылды жақын маңдағы алып бөгеттің бұзылуынан туындайтын апаттан құтқаруы тиіс екенін түсінеді.
Осы тұста фильмге саяси астар араласады.
Себебі бөгеттің апатты жағдайда тұрғанын жоғарыға жеткізген су қоймасының қараушысына ауыл әкімі мен жергілікті учаскелік полицей қысым жасайды. Әкім жоғарыдан келетін комиссияның көңілін ойласа, учаскелік оның айтқанынан шықпайтын қолшоқпар кейпінде.
Фильмнің жанры нақты бір анықтамаға сыймайды. Трагикомедия ретінде басталып, фантастика, драма және саяси сатира элементтерімен ұштасады. Осы тұрғыдан алғанда, биыл мамырда жарық көрген Ерден Телемісовтің «Sasyq» фильміндегі өткір сынның жалғасы іспетті.
Екі фильмде де жергілікті биліктің былығы, шенеуніктердің шарасыздығы, халықтың дәрменсіздігі суреттелген. Алайда Еркімбектердің туындысы өткір карикатура ретінде есте қалады.
Фильмдегі ең негізгі идея жаңа буынға деген сенім. Жоғарыдан келген комиссия мүшелері арасындағы жалғыз адал адам жастардың өкілі. Ауылды құтқаруға тырысатындар да мектепті енді ғана бітірген жастар. Ал үлкендер әкім мен полицияның қысымынан қорқып, шындықты айтудан сескенеді. Бұл тұста авторлар бүгінгі қоғамдағы «фейк ақпарат таратқандар жазаланады» деген үрейді шебер көрсеткен.
Фильмнің әлеуметтік-саяси астары фантастика мен комедиялық элементтермен үйлесімді өрілген. Кейбір эпизодтары көрерменді күлдірсе, енді бір тұстары ойға батырып, мұңға жетелейді. Авторлар фильмді жеңіл аяқтағанымен, финалдағы кейбір шешімдері біршама ойландырды. Әсіресе, режиссер мен сценаристердің өздері де нақты бір қорытындыға келмегендей әсер қалдырады.
Бірақ бұл фильмнің жалпы сапасына кері әсер етпейді. Qaitadan динамикалық монтажымен ерекше есте қалады. Әсіресе, Рауанның бір күнді қайта-қайта бастан кешетін тұстарындағы монтаж өте әсерлі шыққан.
Фильмнің басты табысы басты кейіпкерді сомдаған жас актер Жасұлан Көпбергеннің рөлі. Түсірілім кезінде 23 жаста болған ол 17 жастағы бозбаланың кейпін мінсіз сомдап, фильмнің негізгі жүгін көтерген.
Қазір ағайынды Еркімбектер келесі фильмінің дайындығына кіріскен. Qaitadan фильмінің алғашқы көрсетілімінен кейін-ақ олардың жаңа жобасына сұраныс артқан көрінеді. Бұл да түсінікті. Себебі, Еркімбектер қазақ киносының жаңа буыны келіп, оның тілі мен табиғатын өзгертетінін дәлелдеп берді.