Астана қалалық сотында Қайрат Нұртасқа қатысты әкімшілік құқықбұзушылық туралы іс апелляциялық тәртіппен қаралды, — деп хабарлайды ErtenMedia.kz.
Бұған дейін әкімшілік құқықбұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттың қаулысымен Қайрат Айдарбеков ұсақ бұзақылық жасағаны үшін 15 тәулік мерзімге әкімшілік қамауға алынған болатын.
«Бірінші сатыдағы сот Қайрат Айдарбековтің ұшақтың ішінде жанжалдасу кезінде азамат Б.-ға қол жұмсап, оның денсаулығына жеңіл зиян келтіріп, төбелес кезінде балағат сөздер айтқанын анықтады. Құқықбұзушының адвокаты қаулымен келіспей, 434-баптың 2-бөлігі бойынша шағымданып, соттан іс жүргізуді тоқтатуды сұрады», — деп жазылған мәліметте.
Алайда Жоғары сот мәліметінше, қаулының күшін жою үшін себеп анықталмағандықтан, апелляцияның 9 шілдедегі қаулысымен бірінші сатыдағы соттың сот актісі өзгеріссіз қалған.
Айта кетейік, Қайрат Нұртас танысымен ұшақ бортында сөзге келіп, төбелесіп қалған болатын. Артынша ол сот шешімімен 15 тәулікке қамалды.