Сенатор Геннадий Шиповских әлеуметтік желіде онлайн-казино, жалған ұтыс ойындары мен күмәнді қаржы схемаларын жарнамалап жүрген блогерлерге жазаны қатаңдатуды ұсынды деп жазады Ertenmedia.
«Қазіргі қолданып жүрген айыппұлдардан нәтиже жоқ. Биылдың өзінде 34 блогер онлайн-казино жарнамалаған. Оның тек 11-і ғана әкімшілік жазаға тартылды, қалған 23-інің материалы Мәдениет министрлігіне жіберілген. Бірақ бұл да оларға тосқауыл болмай отыр. Өйткені, олар заңсыз жарнамадан миллиондап ақша тауып, салынған айыппұлды қиналмай өтеп кетуде», – деді Шиповских.
Оның айтуынша, соңғы екі жарым жылда қаржы мониторингі агенттігі жасырын жұмыс істеген 205 казиноны жапқан. 224 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Дегенмен, басты қауіп шетелдік онлайн-казинолар.
«Биыл ғана осындай 17 мыңнан астам сайт бұғатталды. Бірақ олар айна сайттар арқылы жұмысын жалғастыра береді», – деп ескертті сенатор.
Сонымен бірге, Шиповских әлеуметтік желідегі «жалған гив» мәселесіне ерекше назар аударды.
«Блогерлер қымбат сыйлықтар мен ақшалай ұтыс уәде етіп, аудиторияны алдайды. Қатысушыларға шарт қойып, олардың есебінен өз жазылушыларын көбейтеді. Бірақ соңында ешкімге сыйлық та, ақша да бермейді. Ұтатын тек парақша иесі ғана», – деді ол.
Сондай-ақ, сенатор әлеуметтік желідегі жалған «онлайн-курстардың» да көбейгенін атап өтті. Олар жеңіл әрі жылдам табыс табуды уәде етеді, бірақ еш пайдасы жоқ.
Осы мәселелерді шешу үшін сенатор төрт нақты шара ұсынды:
- Қазіргі әкімшілік айыппұлдармен қатар, заңсыз жарнама үшін блогерлерді қылмыстық жауапкершілікке тарту;
- Әлеуметтік желідегі ұтыс ойындарының заңдылығын бақылайтын арнайы мониторинг жүйесін енгізу;
- Блогерлерді лицензиялау немесе олардың жарнамалық қызметін реттейтін арнайы реестр жасау;
- Заңсыз жарнамаға қолдау көрсететін төлем ұйымдары мен жарнама агенттіктерінің қызметін қатаң бақылау.
«Жалған ақпарат таратып, оңай ақшаға қызықтырған блогерлерге енді заңды күшейту арқылы тосқауыл қою қажет», – деп қорытындылады сенатор Шиповских.
Осыған дейін Қаржы мониторингі агенттігі құмар ойын жарнамасын кәсіп еткен блогерлердің тізімін жариялаған.
Соның ішінде атышулы блогер Қайсар Қамзаның әрекетін «ашық арандату, қоғамды теріс жолға салу» деп бағалаға еді. Айтуларынша, Қамза халықты заңсыз казиноға тартудың түрлі тәсілін меңгеріп алған.
«Ол өзінің Telegram-арнасында онлайн-казиноға қатысу бойынша егжей-тегжейлі нұсқаулық жариялап, көрерменді жалған видеолармен алдап келген. Миллиондап жүлде ұтқан алған фейк жеңімпаздарды көрсетіп, жұртты мақсатты түрде адастырған.
Осындай жарнамадан түскен қыруар ақшаны сән-салтанатты, жын-ойнақ өмірге төгіп-шашып жүр. Қымбат қонақүйлерде демалып, Оңтүстік-Шығыс Азия, БАӘ, Түркия сияқты елдерді күн құрғатпай аралайды.
Бұл жұрттың сенімі мен отбасының нәпақасынан ұрланған қаржы», – деген болатын агенттік өкілдері.
Казиноның қақпанына түскен ел: Қайсар Қамза мен трансгендер Тұрғановтың бизнесі әшкере болды