Танымал журналист, тележүргізуші Ләйлә Сұлтанқызы салық жөніндегі тізімде өзі де бар екенін көргенін айтып, осы жайтқа қатысты пікір білдірді, — деп хабарлайды ErtenMedia.
Оның сөзінше, әлеуметтік желіде тарап жатқан суретті оқырмандары жарыса жіберген.

«Өзгелер үшін жауап бере алмаймын. Мен соңғы 5-6 жылда дара кәсіпкер ретінде тіркеліп, заңды түрде салығымды төлеп отырмын. Бірақ бірден айтайын, менің «оборотым» мына жерде көрсетілген сомаға сай келмейді. Әрі 2023 жылы 10 шілдеде күшіне енген Онлайн-платформалар және онлайн-жарнама туралы Қазақстан Республикасының Заңына сай толығымен жұмыс істеп жатырмын деп сенімді түрде айта аламын.
Мен өзім салық, құжат дегендерге бей-жай қарай алмайтын адаммын. Оны көмекшілерім де, заңгерім де, есепшім де (бухгалтер) растай алады. Кәдімгідей қандарын ішемін ғой. Сондықтан да алдағы уақытта салық органдарына жүгініп, міндетті түрде қайта тексерісті талап етемін. Салықтан ешкім жалтармайды, жалтармауы да тиіс. Ол әлеуметтік саланың бірден-бір қайнар көзі», — деді ол.
Журналист жанашырлық танытып жатқан жандарға алғыс білдіріп, алдағы уақытта салық есептелігінің нәтижесін міндетті түрде бөлісетінін жеткізді.
Айта кетейік, бұған дейін қазақстандық блогерлерге салықты өтеу үшін бір ай мерзім берілді. Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, 594 блогер өз кірісін 53,3 миллиард теңгеге төмендетіп көрсеткен. Оларға нақтыланған салық есебін тапсыру немесе 30 жұмыс күні ішінде түсініктеме беру міндеттелген.