Түркістан облысында мемлекетке қайтарылған активтер есебінен келестегі 2 елді мекен сапалы ауыз сумен қамтылды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың елді мекендерді 100 пайыз сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасы аясында Түркістан облысында маңызды инфрақұрылымдық жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Бүгін Келес ауданындағы Кеңдала мен Көгерту елді мекендерінде су нысандары ел игілігіне берілді.
Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов Келес ауданына жұмыс сапары барысында Ақтөбе ауылдық округіне қарасты Кеңдала және Көгерту елді мекендерінде салынған ауыз су нысандарының ашылу салтанатына қатысып, тұрғындарды құттықтады.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес қайтарылған активтер қаражаты халық игілігіне бағытталып жатқанын атап өтті. Сонымен қатар жергілікті атқарушы органдарға ауыз су нысандарының сапалы жұмысын қамтамасыз етіп, тұрғындарға үздіксіз қызмет көрсету бойынша нақты тапсырмалар жүктеді.
Іс-шара барысында Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев тұрғындарды маңызды әлеуметтік нысандардың іске қосылуымен құттықтап, қуанышын бөлісті. Алдағы уақытта да тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған инфрақұрылымдық жобалар жалғасын табатынын жеткізді.
Жаңа ауыз су нысаны арқылы Кеңдала елді мекеніндегі 102 тұрғын үй, 502 тұрғын таза әрі сапалы ауыз сумен қамтылды.
Ал Көгерту елді мекенінде іске қосылған нысан арқылы 91 тұрғын үйдің 611 тұрғыны орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылды. Бұл ауыл халқының тұрмыс сапасын арттырып, санитарлық-эпидемиологиялық жағдайдың жақсаруына оң әсер етуде.
Жалпы, Келес ауданы бойынша 13 елді мекенді ауыз сумен қамтамасыз ету жоспарланған. Қазіргі таңда 12 ауыз су нысанының құрылысы жүргізіліп, олардың басым бөлігінде құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталуға жақын. Жобалар толық іске асқан жағдайда аудан тұрғындарын ауыз сумен қамту деңгейі айтарлықтай артады.

