Түркістан қаласында балалар мен жасөспірімдердің бос уақытын тиімді өткізуіне, спортпен тұрақты айналысуына арналған жаңа 9 ойын және спорт алаңы пайдалануға берілді. Соңғы жылдары өңірдің келбеті ғана емес, оның өмір сапасы да айтарлықтай өзгеріп келеді. Бұл бағыттағы жұмыстар облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің бастамасымен жүйелі түрде жүргізіліп келеді, – деп хабарлайды Ertenmedia.kz Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жаңа алаңшалар Қазақбақ, Алтай, М.Әбенова, А.Жангелдин, Мұғалжар, Ш.Уәлиханов және Р.Дастанова көшелерінде бой көтерді. Ал Хақназар хан мен Ш.Ниязов көшелерінде заманауи футбол алаңдары салынды. Әрбір нысанның жобасы тұрғындардың ұсынысы мен қажеттілігі ескеріліп жасалған.
Қаланың шет аудандарындағы балалар да енді қауіпсіз әрі заманауи ортада ойнап, спортпен шұғылдана алады. Бұрын мұндай мүмкіндік тек орталық аумақтарда ғана болатын. Бұл жолы қала әкімдігі мен құрылыс басқармасы жобаны теңдей бөлу қағидатымен жүзеге асырып, шынайы әлеуметтік әділеттілікті көрсетті.
Алаңшалардың құрылысы ақпан айында басталып, бүгінде толық аяқталды. Барлық нысан сапа және қауіпсіздік талаптарына сай жабдықталған. Резеңке төсеніштер, арнайы спорттық құралдар, бейнебақылау жүйелері және жарық шамдар орнатылған. Балалар ойнайтын орындарда жұмсақ жабын мен қоршаулар орнатылып, жарақат алу қаупі барынша азайтылған.

Алаңдардың айналасы көгалдандырылып, демалуға арналған орындықтар қойылды. Кешкі уақытта шамдар жанып, отбасы болып серуендеуге жайлы орта қалыптасқан.
Қазіргі таңда Түркістан қаласында жалпы 250-ге жуық ойын және спорт алаңшасы бар. Бұл көрсеткіш аймақ бойынша ең жоғары көрсеткіштердің бірі саналады. Демек, Түркістан бүгінде тек рухани орталық емес, сонымен қатар спорт пен белсенді өмір салтын насихаттайтын қалаға айналып келеді.
Қазір Түркістанның әр бұрышы өзгеріс үстінде. Бұл тек қала құрылысы емес, қоғамның жаңғыру үдерісі. Осындай игі істер елдің ертеңіне сенім ұялатады. Балалардың күлкісі мен ойын алаңындағы қимылы – бұл өңірдің болашағының ең жарқын көрінісі.

