Әміриканың қаһарына ұшыраған ресейлік «Лукойл» Қазақстандағы қызметін шектеуге мәжбүр болса, елдегі мұнай жобаларына инвестор тартудың қолданыстағы жүйесін қайта қарауға тура келеді, деп хабарлайды Ertenmedia.
Energy Monitor арнасының авторы, мұнай-газ сарапшысы Нұрлан Жұмағұловтың айтуынша, «Лукойл» компаниясы «Қаламқас Хазар» жобасындағы 50 пайыздық үлесінен айырылса, инвестор таңдау жүйесін қайта қарау мәселесі күн тәртібіне шығады.
Қазақстанда ұлттық компаниялардың (әсіресе «ҚазМұнайГаз» бен QazaqGaz-дың) басым құқығы бар. Олар кез-келген жобаның серіктесін тендерсіз, өздері таңдап, шақыра алады.
Осы тәсіл кезінде «Лукойлдың» «Қаламқас Хазар» жобасына ашық конкурссыз, емін-еркін кіруіне мүмкіндік берген.
«Қазіргі қолданыстағы тәсіл ашықтықтан алыс. Осы механизм арқылы ұлттық компаниялар перспективалы кенішті өздеріне бекітіп алып, инвесторды жабық есік жағдайында таңдайды. Мұндай процестің күмән туғызатын тұсы көп. Мысалы, «Қаламқас Хазарға» италиялық Eni мен қытайлық компания құда түскен. Алайда таңдау тендерсіз-ақ «Лукойлға» жасала салды. Shell компаниясы «Хазар» жобасын зерттеуге 900 млн доллар жұмсаса да, оған дұрыс келісімшарт пен теңіз платформасын таңдау мүмкіндігі ұсынылмаған», — дейді сарапшы.
Жұмағұлов әлгі тәсілдің әділетсіз екенін, нарық талабына сәйкес келмейтінін айтып отыр. Оның ұсынысы бойынша, ұлттық компанияларды IPO (қор нарығы) арқылы ашық нарыққа шығарып, инвесторлармен шынайы бәсекеге түсіру қажет.
«ҚазМұнайГаздың» 5 пайыздық символикалық акциясын шығару мәселені шешпейді. Ұлттық компанияларға берілген басым құқықты алып тастап, оларды толыққанды IPO-ға шығару керек. Мемлекет те инвестор ретінде пассивті түрде жобаға қатысуы тиіс. Норвегиядағыдай мемлекеттік қаржыны тікелей инвестиция ретінде салуға мүмкіндік беретін тәсілді енгізген жөн», — дейді Жұмағұлов.
Сарапшының айтуынша, мұндай тәжірибе бізде бұрыннан бар. Үкімет Ұлттық қор қаражатын пайдаланып, «Қазатомпромның» акциясын сатып алған. Теңіз кен орнының келісімшарты тәмәмдалғасын, мемлекетке жоба үлесінің 49 пайызын автоматты түрде беруге болады, ал қалған бөлігі басқа инвесторлар арасында тең бөлінер еді. Қазір осы жобада ҚМГ-ның үлесі болғанымен, одан түсетін дивиденд мемлекетке толық көлемде беріліп отырған жоқ.
«Ұлттық компаниялардың басым құқығын алып тастау әлеуметтік шығынды да азайтады. Ашық IPO арқылы акционерлер компания ақшасының жоспарда жоқ жобаға жұмсалуына жол бермейді.
Тоқаев тапсырмасымен «Қазмұнайгаз» Оралда 16 млрд теңгенің спорт кешенін тұрғызған болатын. Егер ҚМГ толық нарықтық компания болса, мұндай саяси, әлеуметтік міндетті орындай алмас еді.
Ашық компаниялардың барлық кіріс-шығысын акционерлер қатаң қадағалайды», — дейді ол.
Сарапшы пікірінше, «Лукойл» еліміздегі жобадан шығып қалған жағдайда, ілгерідегі дайын ұсынысты Мәжіліс пен АП-ға жолдауға болады. Бұл басқа инвесторлардың бос қалған орынды толтыруына мүмкіндік береді.
Тұшымды контентті Ertenmedia-ның телеграм арнасынан оқыңыз.
Зайытовтың жанайқайы: Нұрбол Назарбаевтің ісіндегі «жасырын папкі»

