Қазақстанда көшедегі қаңғыбас иттер мәселесін шешу тәсілі түбегейлі өзгереді, ал бұл жаңашылдық қоғамды екіге жарды деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Депутаттар «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заңға түзетулерді мақұлдап, бұрынғы «ұстап-егу-қайтару» тәжірибесінен толық бас тартуды ұйғарды. Енді стерильденген иттер қайтадан көшеге шығарылмайды, керісінше, белгілі мерзім өткеннен кейін, агрессия танытса немесе ауыр науқас болса эвтаназияға жіберіледі.
Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршиннің айтуынша, елімізде әр сағат сайын бес адам ит шабуылынан зардап шегеді екен. Бір жыл ішінде 41 мыңнан астам адамға ит тісін батырған болса, оның 23 мыңы көшедегі иесіз жануарлардың шабуылынан жарақат алған.
«Бізде қазіргі тәсіл мүлде жұмыс істемейді. Итті аулайды, вакциналап, зарарсыздандырып, қайтадан сол шағым түскен орынға апарып тастайды. Мемлекеттің өзі қауіп көзін тұрғындардың ортасына қайта әкеледі. Бұл абсурд», – дейді депутат.
Бұдан былай
Жаңа нормалар бойынша иесі бар болуы мүмкін жануарлар 60 күнге дейін, иесіздері кем дегенде бес күн арнайы орында ұсталады. Сол мерзім ішінде иесі табылмаса және жануар ауыр науқас немесе агрессивті болса, оған эвтаназия қолданылады.
Ит пен мысықтарды міндетті түрде чиптеу арқылы үй жануарларын көшеге шығарып тастайтын иелерді жауапкершілікке тарту мүмкіндігі пайда болады. Жаңашылдықтың басты мақсаты көшедегі иттердің санын бақылауға алып, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
Зооқорғаушылар бұл өзгерістер жануарларды жаппай қырып-жоюға алып келеді деп дабыл қағып, мәселеге гуманистік тұрғыдан келуді талап етіп отыр. Олар эвтаназияның орнына жануарларды асырайтын орындарды дамытуды және алдын алу шараларын күшейтуді ұсынады.
Дегенмен, билік өкілдері қоғам қауіпсіздігін басты орынға қойып, қабылданған шешімді тәртіп орнатудың жалғыз тиімді жолы санайды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







