Түркістан облысының Мақтаарал ауданында қаңтардың қақ ортасында ерте пісетін көкөніс дақылдарын егу жұмыстары басталды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Өңірде ауыл шаруашылығын дамыту және тұрғындарды сапалы отандық өніммен қамтамасыз ету мақсатында биыл жалпы көлемі 60,3 мың гектар егістік алқапты игеру жоспарланып отыр. Соның ішінде 1405 гектар жерге ерте және орта мерзімде пісетін көкөніс дақылдары егіледі.
Аталған жұмыстар аясында Мақтаарал ауданы аумағындағы Мақтаарал ауылдық округі ерте өнім алуға бағытталған нақты қадамдармен ерекшеленіп отыр. Ауыл шаруашылығында тәжірибесі мол шаруалардың бірі Күшербаев Шағыр Ертуғанұлы 8 гектар алқапқа ас үй қызылшасын заманауи тамшылатып суару технологиясы арқылы егуде.
Бұл технология су ресурстарын үнемдеуге, тыңайтқыштарды өсімдік түбіне дәл жеткізуге және өнімділікті арттыруға мүмкіндік береді. Мамандардың айтуынша, тамшылатып суару тәсілін қолдану арқылы өнім көлемін дәстүрлі әдістермен салыстырғанда екі есеге дейін ұлғайтуға болады. Шаруашылықта барлық агротехникалық талаптар сақталып, егіс жұмыстары белгіленген мерзімде жүргізілген.

Қолайлы ауа райы жағдайында ас үй қызылшасының алғашқы өнімі сәуір айында пісіп жетіледі деп күтілуде. Ерте өнім алу нарықтағы бағаның тұрақталуына ықпал етіп, тұрғындарды жаңа піскен көкөніспен қамтамасыз етуге оң әсерін тигізбек. Сонымен қатар ауданда алдағы уақытта қырыққабат дақылын егу жұмыстары да басталады. Бұл өнім де ерте пісетін көкөністер қатарына жатады әрі ішкі нарықта сұранысқа ие.
Айта кетейік, биыл Түркістан облысы бойынша ауыл шаруашылығы дақылдары 919 мың гектар жерге егіледі. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 13 мың гектарға артық. Оның 536 мың гектары жаздық, 208 мың гектары күздік дақылдарға тиесілі болса, 175 мың гектарға көпжылдық жоңышқа орналастырылады. Ерте көктемгі егіс жұмыстары өңірдің аграрлық әлеуетін күшейтіп, ішкі нарықты отандық өніммен қамтамасыз етуге бағытталған маңызды қадам саналады.
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Бәйдібек ауданына жасаған жұмыс сапарында өңірдің даму бағыттарын түбегейлі қайта қарау қажеттігін атап өтті.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

