Қаңтар оқиғасы кезінде оқ тиіп қаза тапқан Еркебұлан Сыдықбаевтың жесірі Сая Есенгелді де қайтыс болды, — деп хабарлайды ErtenMedia.
«Азаттық» мәліметінше, 6 ақпанда Алматыда жұрт 2022 жылғы Қаңтар оқиғасы кезінде оқ тиіп қаза тапқан Еркебұлан Сыдықбаевтың жесірі Сая Есенгелдіні ақтық сапарға шығарып салған. Қаңтар оқиғасынан кейін төрт баламен қалған Сая қала арасында такси айдап, отбасын асырап жүрген. 4 ақпанда ол Алматы – Бішкек тасжолында көлік апатынан қаза болды
Туыстары Саяны Алматының іргесіндегі Саялы ықшам ауданындағы қорымға, күйеуінің қасына жерледі. Марқұмның жақындары журналистермен сөйлескісі келмеген.
Қаңтар кезінде жақындарынан айырылған бір топ адам биыл 5 қаңтарда Алматыдағы «Тағзым» мемориалына барып, марқұмдарға құран бағыштап, гүл қойған. Қанды Қаңтар оқиғасында қаза тапқан Тұрар Арыстанқұловтың жесірі Әлия Сәкенқызының сөзінше, кейін олар әкімдікке барғанда, Сая шенеуніктерге жағдайы қиын екенін айтып, пәтер беруді сұраған.
31 жастағы Сая Есенгелдінің күйеуі Еркебұлан Сыдықбаев Қаңтар оқиғасы кезінде құйымшағына оқ тиіп, ауруханада жан тапсырған. Сол уақытта тергеушілер туыстарына Еркебұланға Алматыдағы президент резиденциясы маңында оқ тиген деп айтқан. Бірақ марқұмның көлігі қаланың басқа жағынан табылған. Еркебұлан Алматыда дүрбелең басталған уақытта анасын жұмыстан алып кетуге шығып, үйіне қайтып оралмаған.
Сая Есенгелдінің артында кәмелетке толмаған төрт баласы қалды. Оларды қазір Саяның анасы қарап отыр.