Қаңтар оқиғаларынан кейін қолды болған қару-жарақ пен қызметтік экипировканы анықтау жұмыстары жалғасуда. Ішкі істер органдары 9-12 қаңтар аралығында заңсыз айналымдағы жүздеген қару бірлігін тәркіледі, деп жазады Ertenmedia.kz.
Ресми мәліметке сәйкес, аталған күндері полиция қызметкерлері 340 бірлік қаруды, екі мыңнан астам оқ-дәріні және 10 жарылғыш құрылғыны анықтап, айналымнан алып тастаған. Ішкі істер министрлігі криминалдық қаруға да жеке тоқталды.
Мұндай санатқа жататын 14 бірлік қару тәркіленген. Оның сегізі 2022 жылғы қаңтар оқиғалары кезінде ұрланған, ал алтауы бұған дейін жоғалған деп тіркелген.
Тәркіленген қарулардың ішінде 31 бірлік ойық ұңғылы, 225 бірлік тегіс ұңғылы атыс қаруы және әртүрлі қызметтік экипировка бар. Бұдан бөлек, полицейлер шалғай орналасқан фермерлік шаруашылықтарды тексеру барысында тағы 70 бірлік атыс қаруын анықтап, тәркілеген.
Сонымен қатар тұрғындар тарапынан да қаруды ерікті түрде тапсыру фактілері тіркелген. Осы кезеңде азаматтар 35 бірлік қаруды өз еркімен құқық қорғау органдарына өткізген.
Құзырлы органдар заңсыз қару айналымын толық жоюға бағытталған іздестіру және алдын алу шараларының алдағы уақытта да жалғасатынын атап өтті.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

