Қапшағай су қоймасы мен Іле өзенінің маңындағы 82 жер телімінің заңдылығы тексеріліп жатыр. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек мәлімдеді, деп хабарлайды Ertenmedia.
Депутаттың айтуынша, қазіргі кезде екі жер теліміне қатысты сотқа талап-арыз берілген, тағы екі телім бойынша арыз әзірленіп жатыр. Қалған жерлерді прокуратура мен тиісті органдар тексеруге алған.
«Бұлардың артында жай адамдар емес, аймақтық элитаға қатысы бар ықпалды тұлғалар тұр. Осы 82 жер телімін толық тексеруді өз бақылауымда ұстаймын. Тексеру қорытындысын Мәжілістің жалпы отырысында депутаттық сауал ретінде көтеремін», – деді депутат.
Сондай-ақ, Базарбектің айтуынша, Алматыдағы «Көлсай» ықшамауданындағы тағы 25 жер телімі бойынша прокурорлық тексеріс басталған.