Құлыбаевқа тиесілі компания Қонаевта ірі агрокешен ашты, деп хабарлайды Ertenmedia.
Алматы облысының орталығы Қонаев қаласында Тимур Құлыбаев жанама иелік ететін «Қапшағай бидай өнімдері» кешені іске қосылды. Кәсіпорын астық пен майлы дақылды терең өңдеумен айналыспақ.
Forbes мәліметінше жоба туралы алғашқы ақпарат биылғы мамырда шыққан.
Сол кезде кәсіпорын аумағында үш жаңа зауыт, қоймалар мен өндірістік терминал салынып, теміржол инфрақұрылымының жаңартылатыны хабарланған болатын. Компания өз өнімін қаптау мәселесін де шешкен арнайы қап шығаратын желі іске қосылған еді.
Бес ай бұрын кешенге салынатын қаржы көлемі 8 млрд теңге деп көрсетілсе, Ауыл шаруашылығы министрлігі ашылу рәсімінде инвестиция сомасы 15 млрд теңгеден асатынын мәлімдеді.
Кәсіпорын жылына 1 млн тонна дайын өнім шығаруды көздеп отыр.
Оның ішінде өсімдік майы, жоғары сұрыпты бидай ұны және жем-шөп ұны бар. Өндірілетін өнімнің көлеміне қарай, кешеннің экспорттық әлеуеті де зор жылына 1 млн тонна өнімді шетелге, әсіресе Қытайға шығаруға ниетті.
Министрліктің мәліметінше, бұл Қаскелеңдегі зауыттан кейін Алматы облысындағы осындай деңгейдегі екінші ірі кешен. Мамандар оны ішкі нарықтағы маңызды ойыншыға айналады деп болжап отыр.
«Қапшағай бидай өнімдері» осыдан жарты ғасыр бұрын салынған кәсіпорынның жалғасы. 1972 жылы құрылысы басталып, 1974 жылы іске қосылған комбинатта 1983 жылы құрама жем зауыты пайда болды.
2015 жылы кешен үш компанияға бөлініп, негізгі өндірістік базасы элеватор, диірмен цехы, теміржол жолдары мен жалпы аумағы 10,3 гектар жері «Қапшағай бидай өнімдеріне» өткен.
Kompra.kz дерегіне сай, 2010 жылы тіркелген кәсіпорын бірнеше иесін ауыстырған. 2017 жылы оның қатарында белгілі бизнесмен Яков Цхай да болған. 2024 жылы құрылтайшылар өзгеріп, құрамына «К-Агро Холдинг» ЖШС мен «Форт» ЖШС кірген. Кейін «Форттың» орнын сингапурлық «XIYU AGRICULTURAL PTE. LTD.» компаниясы басты.
Қазір кешеннің негізгі екі иесі бар «XIYU AGRICULTURAL PTE. LTD.» және «К-Агро Холдинг». Соңғысының иелері Дәурен Ердевай және Тимур Құлыбаевтың «Кипрос» ЖШС.
2025 жылғы деректер бойынша Тимур Құлыбаев Қазақстандағы ең бай 75 кәсіпкердің ішінде 4-орында тұр (дәулеті 5,3 млрд доллар).
Тұшымды контентті Ertenmedia-ның телеграм арнасынан оқыңыз.

		