Қарағандыда медициналық университет жанындағы колледж студенттері білім алуды жалғастырады. Былтыр оқу орнының лицензиясының жарамдылық мерзімі бітіп, оны қайтадан созуға мүмкіндік берілмеген. Лицензия беретін мемлекеттік органдар жоғарғы оқу орны техникалық-кәсіптік білім беруге құқығы жоқ деген шешім шығарған. Медициналық колледжде білім алып жүрген 200‑ден астам болашақ фельдшер, медбике мен тіс дәрігерлері далада қалған болатын, — деп хабарлайды ErtenMedia.
Бұқаралық ақпарат құралдары арқылы тараған бұл мәселеге Астанадағы заң шығарушы орган өкілдері араласып, тиісті мемлекеттік органдардың назарын аударған болатын. Мәжіліс депутаты Қарағанды қаласында орналасқан кәсіптік білім беру мекемесінің ұжымымен бірнеше рет кездесіп, жағдайды зерттеді.
«Университеттің колледждік бағдарламасы лицензияның жойылуына байланысты қиындықтарға тап болды. Бұл оқу орнын қайта ұйымдастырумен байланысты еді. Осыған орай біздің партияға 218 студенттің ата-аналарынан өтініш түсті. Онда балаларының басқа оқу орындарын іздеуге мәжбүр болғандығы туралы және бұл сұрақтың шешілуіне көмек көрсетуді сұраған еді»,- дейді Respublica партиясының фракция мүшесі Нұргүл Тау.
Депутат жағдайды жеке бақылауына алып, екі ай бойы жауапты министрліктер мен жергілікті билікпен белсенді жұмыс жүргізгенін айтып отыр. Университет басшылығы, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі, ҚР Оқу-ағарту министрлігі, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі, сондай-ақ Қарағанды облысы әкімдігі өкілдерінің қатысуымен бірнеше отырыс өтті. Оқуға түскен 200-ден астам бала мен 22 педагогтың тағдырын шешу үшін табанды еңбек істелді.
Зерттеу келгенде, университет қайта құрылғаннан кейін білім беру қызметіне жаңа лицензия алу қиындықтары пайда болған. Бұл мәселе ведомствалардың бөлінуі мен кейбір рәсімдердің дер кезінде реттелмеуіне байланысты туындаған.
«Осы жағдайдың бір жақты шешілгеніне көз жеткізу үшін біз бүгін Қарағандыға тағы да атбасын бұрып, студенттермен және оқытушы құрамымен кездестік.
Арнайы құрылған комиссияның құжаттарды егжей-тегжейлі тексерулері мен келіссөздерден кейін университет пен колледжге лицензия беру туралы шешім шығарылғаны мәлім болатын. Бұл енді студенттерге оқуын аяқтауға мүмкіндік береді. Бұл біздің жеңіс және осындай істерге араласу біздің міндетіміз деп санаймын»,- дейді Мәжіліс депутаты.
Депутат осы сұрақты шешуге мүдделі барлық тараптарға алғысын білдіріп, әсіресе білім және студенттердің әл-ауқаты мәселелеріне қатысты жедел жұмыстың маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар, студенттердің оқу процессі кезінде университет жатақханаларында тұруға рұқсат берілді. Қарағанды медициналық университетінің басшылығы да алдағы уақытта білім беру сапасына мән беріп, тәлімгерлер мен оқытушыларға барлық жағдай қарастырылатынын айтып отыр. Жағдай партиялық бақылауда болады.