Қарағандыда полиция бөлімінде мәйіті табылған 23 жастағы Эльмираның артында 4 жасар ұлы қалды. Марқұмның денесінде зорлық-зомбылық белгілері жоқ, алайда оның қандай жағдайда көз жұмғаны әлі жұмбақ күйінде, деп хабарлайды Ertenmedia.
Оқиға 1 қазанға қараған түні Қарағанды қаласының Михайлов ауданындағы учаскелік полиция пунктінде болған. Сол түні бөлімге келген учаскелік инспектор әріптесін ес-түссіз күйде, ал көрші бөлмеде жас қыздың жалаңаш мәйітін тауып алған.
Қайтыс болған Эльмира полиция қызметкерімен бұрыннан таныс болған екен. Ал учаскелік пунктте есінен танып жатқан майор бұған дейін Теміртауда тергеуші болып істеген. Қазір оның өміріне қауіп жоқ, дәрігерлер науқастың беті бері қарағанын айтады.
«Пациенттің жағдайы әлі де ауыр, бірақ жақсарып келеді. Бұған дейін аса ауыр халде болған еді», – деп мәлімдеді Қарағанды облыстық Денсаулық сақтау басқармасының өкілдері.
Тергеудің алдын ала болжамы бойынша, полиция майоры есірткіні шамадан тыс қолданған болуы мүмкін. Дәрігерлер оны жұмыс орнынан бірден реанимацияға жеткізген. Егер денсаулығы толық түзелсе, майорды алда тергеушілердің сұрақтары күтіп тұр.
Марқұм Эльмираның жақындары қазір сараптама қорытындысын күтуде.
Химиялық-токсикологиялық сараптама нәтижесі қыздың нақты неден қайтыс болғанын анықтайды. Қыздың туыстарының айтуынша, Эльмира жұмыс істемеген, баласын тәрбиелеп отырған. Қазір төрт жасар бала анасын іздеп, күнде сұрайды екен. Марқұм қаладағы РТИ ауданында жерленді.
Оқиғаға байланысты облыстық полиция департаменті мен Ішкі істер министрлігінің басшылығы арнайы бақылауына алып, тергеу жұмыстарын бастап кетті. Қылмыстық іске қатысты барлық нұсқалар мұқият тексерілуде.