Қарашығанақтағы газ өңдеу зауытының құрылысын шетелдік инвесторлар жалғастыра беретін болды, деп хабарлайды Ertenmedia.
Бұған дейін ел билігі жоба тізгінін шетелдік компаниялардан алып, құрылысты толық «ҚазМұнайГаздың» бақылауына өткізу туралы ойланып жүрген. Бірақ үкімет инвесторлармен жаңа келісімге келіп, жобаны қайта құрылымдауға көндірген сыңайлы.
Upstream Online басылымының үкіметтегі дереккөзіне сүйеніп хабарлауынша, енді Eni, Shell, Chevron және «Лукойл» компаниялары «ҚазМұнайГазбен» бірге бөлек консорциум құрып, зауыт құрылысын аяқтап, оны бірлесіп басқаратын болды.
Маңыздысы сол жаңа консорциум Қарашығанақ кенішін игерудегі қазіргі өнімді бөлісу келісімінен тыс жұмыс істейді. Демек, жобаның құқықтық және қаржылық шарттары қайта қаралады.
Осы жылдың маусымында Қазақстан тарапы шетелдік компанияларға хат жолдап, зауыт құрылысын тоқтатуды талап еткен еді. Бұған жобаның мерзімі мен құнына қатысты даулар себеп болған.
Шетелдік компаниялар құрылыс шығынының бір бөлігін Қазақстанға жүктеп, жобаны аяқтауды кейінге шегеріп келген. Ал қазақстандық билік бұған наразы болып, инвесторлардан жобаны тездетіп іске асыруды талап еткен-ді.
Өз кезегінде шетелдіктер «не шығынды көбейтіп, не зауыттың қуатын азайтып қана тиімділікке қол жеткіземіз» деп өз шарттарын қойып келген болатын.
Шілдеде Энергетика министрлігі бұл жоба бойынша шетелдік инвесторлармен әріптестікті мүлдем тоқтатуға дейін барды. Тіпті «ҚазМұнайГаз» зауыт құрылысын толығымен өз бақылауына алуы мүмкін екені айтылды. Алайда түпкілікті шешім күзге қалдырылған болатын. Енді, міне, тараптар жаңа форматқа тоқтаған сыңайлы.