Қазақстандық кәсіпкерлер үшін жаңа жылдан бастап салық төлеу айтарлықтай жеңілдеді. Бұдан былай бизнес өкілдері салық қарызын кепілсіз-ақ кейінге қалдырып немесе бөліп төлей алады деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Мемкірістер комитетінің Аудит департаментіне қарасты берешекпен жұмыс басқармасының басшысы Қайсар Арынның айтуынша, 2026 жылдан бастап елде салық қарызын реттеудің жолдары жеңілдеп, бизнеске қысым азайған.
«Бұрын кәсіпкер қаржылық қиындыққа тап болғанда, салықты бөліп төлеу немесе кейінге қалдыруға мүмкіндік берілетін. Бірақ ол үшін банктік кепілдік не кепіл ретінде мүлік қою міндетті еді. Оның өзі сақтандырылып, бағаланып, қандай да бір ауыртпалықтан таза болуы керек болатын. Жаңа Салық кодексінде осы міндет жойылды. Енді салық қарызын кепілсіз-ақ бөліп төлеуге болады», – деді ол.
Қарызы 1,5 мың АЕК-ке дейін (6 миллион теңгеден астам) жеке және заңды тұлғалар бұл мүмкіндікті толық пайдалана алады. Ол үшін салық органына барудың қажеті жоқ. Электронды үкімет порталы арқылы өтініш жолдасаңыз жеткілікті.
«Жүйе сіздің қарызыңызды айларға бөліп, нақты төлем кестесін автоматты түрде әзірлеп береді. Салық төлеушіге қызметін тоқтатпай, қарызды ай сайын төлеу мүмкіндігі жасалады. Алайда өсімпұл тоқтамайды, ол есептеле береді. Дегенмен, жалпы алғанда бұл бизнесті сақтап қалудың тиімді әрі ыңғайлы жолы деп санаймын», – деді Қайсар Арын.
Салыққа қатысты осы жаңалық кәсіпкерлердің мойнындағы ауыр жүкті жеңілдетіп, олардың қаржылық тұрақтылығын сақтауға оң ықпал етеді деген сенім бар.
Айтқандай, кәмелетке енді толған қазақстандықтар Ұлттық қордың игілігін бірден көре алады. Отбасы банкінің мәліметінше қаржыны жұмсаудың нақты екі бағыты белгіленген. Банктің мәліметінше, Ұлттық қордың инвестициялық кірісінен жиналған қаржысын әлі күнге дейін пайдаланбаған қауым аз емес екен.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

