Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев жаңа Салық кодексіне енгізіліп жатқан өзгерістерге қатысты Қаржы министрлігінің жұмысын сынға алды деп хабарлайды Ertenmedia.
Оның пікірінше, ұсынылып отырған өзгерістерде бизнеске қысым жасауға мүмкіндік беретін тетік көп.
Әңгіме ҚҚС (қосылған құн салығы) мәселесі жөнінде. Жаңа ережеге сәйкес, кейбір кәсіпкерлерден ҚҚС алдын ала, аванс ретінде төлеу талап етілмек. Сенат отырысында Әшімбаев осы механизмнің бизнестің дамуына кері әсер етуі мүмкін екенін ескертіп, Қаржы министрлігі өкілдерінен нақты түсініктеме сұрады.
Қаржы вице-министрі Ержан Біржановтың айтуынша, мұндай алдын ала төлем барлық салық төлеушіге емес, тек тәуекелі жоғары деп танылған кәсіпкерлерге қатысты қолданылады.
«ҚҚС бұл жанама салық. Кәсіпкер біреуден тауар алса, оның «зачёттық бөлігі» болады, яғни кәсіпкер өзіне келген тауар үшін төленген салықты есепке алады. Біз бұл есепті автоматты түрде көріп отырамыз. Мысалы, сағат 10:00-де оған шот-фактура берілсе, 10:01-де біз оны онлайн режимде көре аламыз. Егер кәсіпкер тауарды 10 мың теңгеге сатып алып, оны 11 мың теңгеге сатса, ол тек қосылған құнның (1000 теңге) салығын алдын ала өз шотына салуға міндетті болады. Біз бұл соманы бірден бюджетке алмаймыз, тек салық кезеңінің соңында аламыз. Мұны біз тек тәуекелі жоғары салық төлеушілер үшін кепілдік ретінде қарастырамыз», – деп түсіндірді Біржанов.
Вице-министрдің айтуынша, мәселе кәсіпкерлермен, «Атамекен» палатасымен, депутаттармен талқыланған және бұл механизм жалған шот-фактуралармен күресте тиімді деп бағаланып отыр.
Алайда сенат төрағасы бұл пікірмен келіспеді.
«Бизнес бұған келісіп отыр дегендеріңіз шындыққа сай келмейді. Біз жаңа Салық кодексін талқылау барысында кәсіпкерлерден, «Атамекеннен», бизнес-омбудсменнен көптеген арыз-шағым алып отырмыз. «Атамекеннің» ұстанымы да сіз айтқандай емес, олардың пікірі біржақты қолдауды білдірмейді. Сондықтан мәселе бойынша дұрыс ақпарат беру керек», – деді Әшімбаев.
Сенат спикері егер Қаржы министрлігі бұл механизмді енгізуге ниетті болса, тәуекелі жоғары кәсіпкерлер кімдер екенін заң жүзінде нақты анықтап, бекіту керектігін талап етті. Әйтпесе, бұл ереже барлық кәсіпкерлерге таралып кетуі мүмкін.
«Егер нақты критерийлерді анықтап бермесеңіздер, ертең бұл ережені салық органдары өз қалауы бойынша кез келген кәсіпкерге қарсы пайдаланады.
Олар салық жинаудың жоспарын орындау үшін субъективті шешім қабылдап, кәсіпкерлерді негізсіз қыспаққа алуы ықтимал. Бұл бизнес үшін өте қауіпті.
Біз экономиканың дамуына жағдай жасаудың орнына, қайта кәсіпкерлердің жұмысын қиындатып жатырмыз. Сондықтан қаржы министрлігі бұл мәселеге қатысты нақты әрі түсінікті позиция ұсынсын. Тәуекел аймағына қандай компаниялар жататынын ашық айту керек. Басқа кәсіпкерлерге артық жүктеме түспеуі тиіс», – деп ескертті Әшімбаев.
Қазіргі таңда Сенатта жаңа Салық кодексі бойынша талқылау жалғасуда. Жақын арада құжат екінші оқылымға ұсынылады.