«Қазақстан-Қытай» ынтымақтастық комитетінің 12-ші отырысы аясында Қазақстанның Қаржы вице-министрі Дәурен Кеңбейіл Қытай Халық банкінің, Қытай Эксимбанкінің және Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкінің (АИИБ) өкілдерімен екіжақты кездесулер өткізді,- деп хабарлайды Ertenmedia.kz Қаржы министрлігіне сілтеме жасап.
Қаржы вице-министрі Қытай Халық Банкі Төрағасының орынбасары Лу Лэй мырзамен кездесу барысында халықаралық қаржы нарықтарындағы ағымдағы ахуал, екіжақты қаржылық ынтымақтастықты дамыту туралы пікір алмасты және Қытай нарығында панда-бондтарды шығару бойынша өзара іс-қимыл туралы уағдаласты.
Дәурен Кеңбейіл Қытай Эксимбанкінің вице-президенті Ван Кан мырзамен Қазақстандағы инвестициялық жобаларды қаржыландыру мен іске асыруды, оның ішінде Қ.И. Сәтбаев атындағы каналдан Астана қаласына дейін № 4 сорғы-сүзгі станциясымен су құбырын, Алматы қаласындағы метроның жаңа желілерін салуды, сондай-ақ өткізу пункттерінің кедендік инфрақұрылымын жаңғыртуды талқылады.
Бұдан басқа, экономикалық ынтымақтастықты дамыту, Әріптестік туралы негіздемелік келісімге қол қою және бюджеттік қолдау бойынша жаңа бағдарламаны дайындау мәселелері АИИБ Бас инвестициялық директоры Константин Лимитовскиймен кездесуде қаралды.
Кездесулер қорытындысы бойынша Тараптар бірлескен жобаларды іске асыруға, әріптестікті одан әрі дамытуға және өзара тиімді мақсаттарға қол жеткізуге сенім білдірді.