Қашаған кен орнын игеріп жатқан NCOC консорциумы мен ел билігі арасындағы миллиардтаған долларлық дау инвесторлардың пайдасына шешілді.
Әңгіме жалпы құны 4 млрд доллардан асатын, экологиялық заңнама талаптарын бұзуға қатысты айыппұл туралы деп жазады Ertenmedia.
Bloomberg-тің хабарлауынша, дау-дамайға себеп болған негізгі мәселе кен орнында өндірілетін күкірттің сақталу тәртібі. Қазақстан тарапы инвесторларды күкіртті нормадан тыс, экологиялық талаптарға қайшы түрде жинап, қоршаған ортаға орасан зиян келтірді деп кінәлаған болатын.
Алайда NCOC консорциумына кіретін әлемдік алпауыт компаниялар Eni, Shell, Exxon Mobil мен TotalEnergies мұнымен келіспей, өз әрекеттерінің заңға қайшы еместігін мәлімдеп, сотқа жүгінген еді.
Жақында ғана апелляциялық инстанция шетелдік инвесторлардың әрекетінде заңсыздық жоқ деп танып, Астананың миллиардтаған доллар талап еткен шағымын жоққа шығарды.
«Апелляциялық соттың шешімін оң бағалаймыз. NCOC консорциумы өндірісте күкіртпен жұмыс істеуде Қазақстан заңнамасын ғана емес, халықаралық талаптарды да бұлжытпай орындайды», – делінген консорциум мәлімдемесінде.
Жалпы, құны 55 миллиард долларға бағаланған Қашаған кенішінің жобасы түрлі дау-дамай мен мерзімдердің кейінге шегерілуінен көз ашпай келеді.
Қазақстан билігі соңғы жылдары инвесторлармен жиі тайталасып, кеніштен түсер кірістің едәуір бөлігінен қағылып отырғанын алға тартуда.
Бүгінде тараптар арасында әлі де шешімі табылмаған 160 млрд долларлық күрделі арбитраж процесі жалғасып жатыр.
Былтыр аталған ірі компаниялар дауды жұмсарту үшін әлеуметтік жауапкершілік аясында Қазақстанның жергілікті жобаларына қосымша 110 млн доллар инвестиция құюға ұсыныс білдірген еді. Бірақ бұл қадамның өзі де екіжақты қарым-қатынастағы келіспеушілікті толықтай шешіп бере алған жоқ.
Қазақстанның Энергетика министрлігі сот шешіміне қатысты әзірше үнсіз.
«Бұл дау біз үшін оңай соқпайтыны әу бастан белгілі еді. Наурыз айының өзінде халықаралық құқықтық кеңесшілер Ақорданың бұл істі жеңу мүмкіндігі тым төмен екенін болжаған болатын», — дейді сарапшылар.
Сол кезде консорциум мүшелері алғашқы апелляциялық шешімді өзгерту үшін Қазақстанның Жоғарғы сотына жүгінген еді. NCOC экологиялық заң бұзушылықтарға қатысты өздеріне тағылған өзге де айыптардың ешбірін мойындаған жоқ.