Қазақстанның жетекші қаржы институты Halyk Bank Өзбекстандағы ірі финтех-компаниялардың бірі саналатын Click компаниясының 49% үлесін сатып алуға ресми түрде рұқсат алды. Бұл шешімді Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі қабылдаған. Бұл мәміле Орталық Азияның қаржы нарығында жаңа кезеңнің басталғанын білдіреді, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Click өзбек нарығындағы жетекші төлем жүйесі. Миллиондаған тұрғындар бұл сервисті күнделікті өмірде коммуналдық қызметтерден бастап, интернет пен ұялы байланысқа дейін төлем жасау үшін пайдаланады. Оның заманауи қолданбасы мен интерфейсі Өзбекстан халқының цифрлық мәдениетін қалыптастыруға үлес қосып келеді. Енді осы платформаның жартысына жуығы Қазақстан банкіне тиесілі болмақ.
Мәміле құрылымы да назар аударарлық. Halyk Bank Click-тің 49% үлесін сатып алу үшін 176,4 млн доллар (яғни 96,6 млрд теңге) көлемінде төлем жасауды міндетіне алды. Қарсы тарап Click акционерлері де қарап қалмай, Halyk Bank-тің Өзбекстандағы еншілесі Tenge Bank-тің 49% үлесін 60,76 млн доллар (33 млрд теңге) төлеу арқылы алады. Яғни, екі тарап та серіктестікке тең дәрежеде қадам жасап отыр.
Бұл келісімнің басты артықшылығы заңды дербестік сақтала отырып, интеграциялық серіктестік орнауы. Екі компания да өз брендін, өз бағытын сақтайды. Алайда ортақ жобалар, технологиялық алмасу, нарыққа бірге шығу сияқты жаңа мүмкіндіктер еселенеді. Осылайша Halyk Bank Ташкенттегі финтех-алаңға ену арқылы өңірлік бәсекелестікте бір қадам алға шықты.
Бұл жағдай Қазақстан үшін тек экономикалық емес, геоэкономикалық қадам ретінде де бағалануы тиіс. Өзбекстан халқы көп, қарқынды цифрлануға бет алған мемлекет. Сол нарықта отандық банктің технологиялық серіктестік арқылы орнығуы – Қазақстан қаржы капиталының аймақтағы ықпалын арттырудың нақты көрінісі.
Қазақстанның цифрлық қаржы жүйесі соңғы жылдары үлкен өзгерістерге ұшырады. Енді бұл жүйе тек ел ішінде емес, сыртқы нарықтарға да белсенді ене бастады. Бұл келісім соның дәлелі. Halyk Bank тек банк емес, өңірлік деңгейде технологиялық ойыншыға айналып келеді.